2021 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 80-ші орында. 2006 жылы 32-ші орында тұрғанымызды ескерсек, соңғы 10 жылдықта гендерлік теңдік өзекті мәселеге айналғанын байқауға болады.
Гендерлік теңдік адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзі халқының жартысын әйел заты құрағанымен, қоғамда толыққанды тепе-теңдік орнауы үшін алда біраз белесті еңсеруге тура келеді. Өйткені әлі күнге дейін гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыру әлемдік проблема болып тұр. 1970 жылдары халықаралық феминистік қозғалыс күш ала бастады. Осы жағдайға ерекше мән берген БҰҰ Бас ассамблеясы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялады және Мехикода әйелдерге арналған бірінші дүниежүзілік конференция ұйымдастырды. Конференцияның қатаң ұсынымынан кейін 1976-1985 жылдар аралығы Әйелдер онжылдығы деп мақұлданды және арнайы қор құрылды.
Содан 1979 жылы БҰҰ-ға мүше жер бетіндегі 187-ден аса мемлекет әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны қабылдады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Гендерлік теңдікті ілгерілетудің негізгі мазмұны әйелдердің ер-адамдармен қатар қоғамдық өмірде, мемлекетті басқаруда, елге қызметте ерекше үлес қоса алатынын мойындау, оларға үлкен жауапкершілік арту.
Елімізде барлық салада әйелдер жемісті, нәтижелі қызмет етіп келеді. Қоғамда гендерлік теңдікті ілгерілетуде гендерлік ағартушылықты қолға алудың да маңызы зор. Гендерлік білім беру және гендерлік ағарту – гендерлік саясатты іске асыруды қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі.
Гендерлік теңдікке қол жеткізу бағытында бағдарламалар, стратегиялар мен тұжырымдамаларды сапалы іске асыру үшін гендерлік сауаттылықты әрі қарай ілгерілету қажет. Тең құқықтар мен мүмкіндіктер негізінде әйел адамдардың әлеуетін кеңінен пайдалану – тұрақты дамудың кепілі. Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекетте әр адам үшін тұлғалық жетілуге, барлық азаматтың өз мүддесін еркін білдіруіне жағдай жасау маңызды. Жалпы адамзат тарихында бірде-бір дәуірлік өзгеріс әйел затын айналып өтпегені белгілі. Демек, гендерлік саясаттың тамыры тереңде. Бірі мұны қолдап, «әйелдерді еркектермен тең ету керек, қоғамдағы әйелдердің беделін көтеруге тиіспіз» десе,енді бірі бұған түбегейлі қарсы. Бірақ жылдан жылға жағдай жақсарған. Десе де, отбасында әкелер көбіне өз рольін дұрыс орындамай жатады. Жауапкершіліктің бәрін әйел затының мойнына жүктеп қою әрекеттері де көбейген. Ондай жағдайлардың алдын алу үшін, әліде гендерлік саясат жайында жұмыстарды күшейтіп, бірнеше заңды қолға алу керек деп ойлаймын.
БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. Тұрақты даму мақсаттары концепциясының 5 бөлімі –гендерлік теңдік екенін алға тартқым келеді.Демек,гендерлік теңдік қай кезде өзекті,әрі өткір тақырып. Гендерлік теңдік – қоғам дамуының негізі. Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлық технологиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзыреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті болуы керек. Дамудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда әйелдердің елдегі экономикалық және саяси өмірге жан-жақты және белсенді қатысуының маңызы зор.
Сулейменова Сауле
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі,заң ғылымдарының докторы,профессор
Нурахметова Г.Г.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының з.ғ.к., доцент