G7 елдерінің көшбасшылары Ресейдің мұнай-газ секторына қатысты санкциялық қысымды күшейту туралы келісімге келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Францияда өткен саммит қорытындысы бойынша жарияланған бірлескен мәлімдемеде айтылған.
Сонымен қатар G7 мемлекеттері Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, тосқауыл қоюшы зымырандарды және алыс қашықтыққа арналған қару-жарақ жеткізуді ұлғайтуға уағдаласты.
Мәлімдемеде АҚШ пен Иран арасында Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру жөнінде жасалған келісім Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізуге қолайлы жағдай қалыптастырғаны атап өтілген.
«Біз Украинаға әуе қорғанысы құралдарын, қосымша жүйелер мен тосқауыл қоюшы зымырандарды, сондай-ақ алыс қашықтықтағы қару-жарақты жеткізуді арттыру туралы келістік. Сонымен бірге Украинаға өз әскери өндірісін кеңейтуге мүмкіндік беретін лицензиялар беру мәселесін қарастыруға дайынбыз.
Біз Украинаның энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызын атап өтеміз. Украина билігі белгілеген қажеттіліктер мен басымдықтарды ескере отырып, елдің алдағы қыстан аман шығуына көмектесу үшін қосымша қолдау көрсетуге келістік.
Сондай-ақ Ресейдің әскери экономикасына қысымды күшейтуге міндеттенеміз. Осыған байланысты мұнай-газ секторына қатысты шектеулерді қоса алғанда, санкцияларды қатаңдатамыз. Қазір қосымша шаралар қабылдауға қолайлы кезең деп санаймыз, өйткені президент Дональд Трамп қол жеткізген және біз қолдайтын келісім Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қайта жандануына мүмкіндік берді», – делінген мәлімдемеде.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, жаңа санкциялар Ресейдің энергетикалық экспорттан түсетін табысын азайтуға және оның әскери экономикасына қысымды күшейтуге бағытталған.