Футболшы жейдесіндегі букмекер логотипі. Әлемдік тәжірибе не дейді?

Dalanews.kz 07 қаз. 2025 09:26

Соңғы кездері халық тарапынан қазақстандық футбол клубтарының жейдесіне басылған букмекерлік компаниялардың логотиптеріне қатысты сын айтыла бастады. Олардың клубтардың басты демеушісі ретінде логотиптерін орналастыруға қақы бар екені түсінікті. Ал әлемдік тәжірибе не дейді? Осыған орай Dalanews.kz зерттеу жүргізген болатын.

Кейінгі жылдары әлемдік футболда ойыншылар ғана емес, букмекерлік компаниялардың логотиптері де жарысып бастаған. Investigate Europe зерттеу жобасының дерегі бойынша, букмекерлік компаниялар 2024-2025 жылдары Еуропалық одақ пен Ұлыбританиядағы 31 жоғарғы лигада өнер көрсететін 442 клубтың тең жартысына серіктес болған. Яғни қаржылық қолдап, демеушілік еткен. Әрбір үшінші клуб ойын формасының алдына букмекерлік кеңсенің логотипін орналастырған. Ал футболдағы әрбір екінші лига титулдық демеуші ретінде дәл осы сала өкілдеріне тәуелді.

Қазір букмекерлер мен футболдың әлемдік эпицентрі ретінде ағылшын Премьер-лигасы көбірек танылуда. АПЛ букмекерлер үшін басты нарық. Биылғы маусымда 20 футбол клубының 9-ының басты серіктесі букмекерлер болып отыр. «Астон Вилла» — Betano, «Борнмут» — BJ88, «Брентфорд» — Hollywood Bets, «Эвертон» — Stake, «Фулхэм» — SBOTOP, «Лестер» — BC.Game, «Кристал Пэлас» — NET88, «Саутгемптон» — Rollbit, «Вест Хэм» — Betway. Ал келер жылдан бастап, букмекерлер өзара келісіп, футбол жейделерінен логотиптерін алып тастауға ерікті шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ талқылаулар әлі де жүріп жатыр.

Италияда букмекерлік бизнестің жарнамасына 2019 жылдан бері тыйым салынған. Бірақ А сериясының 20 командасының барлығы дерлік кемінде бір букмекерлік кеңсемен серіктес ретінде келісім-шартқа отырған. Германияда бұл үлес - 78%, Францияда - 72%. Футболды спектакль десек те, қазір бұл үлкен бизнес. Ірі букмекерлер өздерімен серіктес клубтарға жылына 15 миллион еуро шамасында қаржылық көмек көрсетеді. Ал «Ливерпуль» мен Ladbrokes арасындағы 300 миллион еуро сомасындағы келісім футбол тарихындағы ең қымбат серіктестік деп танылып отыр. Букмекерлік нарықтың басты активі - аудитория. «Реал Мадрид» Азияда KOK Sports-пен, ал Латын Америкасында Codere-мен жұмыс істейді. Осылайша, әр нарыққа бейімделген жеке демеушілік желісі қалыптасқан.

Бүгінгі футболдың көрінбейтін басты инвесторы букмекер екені рас. Қазір Қазақстандағы футбол клубтарының да тағдыры букмекерлік кеңселер сынды серіктестердің қолында екенін ешкім жасыра алмайды. Қазақстан да бұл әлемдік спорт трендінің ішінде келеді. Енді футбол лигалары үшін қаржы мен мораль арасындағы тепе-теңдік табу жауапкершілігі тұр. Букмекерлер де өзара келісіп, көп жағдайда логотиптерін футболканың алды жағынан артқы жағына ауыстыруға, балаларға арналған футболкалардан логотиптерді алып тастау сияқты шешімдерге келуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар