Қазақстандықтар ДНҚ тесті арқылы бұрын белгісіз болған туыстарын таба алады. Freedom генетикалық тестілеу мүмкіндігін кеңейтіп, зерттеу нәтижелерін жасанды интеллект көмегімен түсіндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Freedom Talk MedTech іс-шарасында айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Freedom holding генетикалық тестілеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, нәтижелерді жасанды интеллект көмегімен түсіндіруді жоспарлап отыр.
Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Лидің айтуынша, ДНҚ арқылы туыстық байланысты анықтау технологиясы Батыс елдерінде бұрыннан қолданылып келеді. Оның тиімділігі генетикалық тестілеуден өткен адамдардың санына тікелей байланысты.
«Бұл – өте қызықты процесс. Мұндай тәсілді алғаш болып біз қолданып отырған жоқпыз. Ол әуелі Батыс елдерінде пайда болды. Адам ДНҚ тестін тапсырады. Зерттеуден өткен адамдардың саны неғұрлым көп болса, бұрын белгісіз болған туыстарын табу ықтималдығы соғұрлым артады. Геномның белгілі бір бөліктерін салыстыру арқылы үшінші-бесінші дәрежелі туыстық байланысты жоғары ықтималдықпен анықтауға болады», – деді Алексей Ли.
Оның сөзінше, Freedom сервистері арқылы ДНҚ тестін тапсыратын қазақстандықтардың саны артқан сайын, туыстық байланыстарды анықтау мүмкіндігі де кеңейе түседі.
ДНҚ тесті адам туралы тағы қандай мәліметтер береді?
Іс-шара барысында генетикалық тестілеудің өзге де мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, оның көмегімен адамның этникалық шығу тегін, ағзасының жеке ерекшеліктерін, тамақтану мен дене белсенділігіне қатысты бейімділігін, сондай-ақ кейбір созылмалы ауруларға генетикалық бейімділігін зерттеуге болады.
Спикерлердің мәліметінше, қазіргі таңда жүйеде 46 генетикалық профиль қарастырылған. Ал халықаралық тәжірибеде қолданылатын кейбір ДНҚ тестілерінде мұндай профильдердің саны 500-ге дейін жетеді.
Талқылау барысында қатысушылардың бірі Вячеслав Ким өзінің генетикалық тестілеуден өткен тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, өзін жүз пайыз корей ұлтының өкілі деп санағанымен, зерттеу нәтижесінде жапон және қытай тектерімен де генетикалық байланысы бар екені анықталған.
«Мен де тест тапсырдым. Өзімді жүз пайыз кореймін деп ойлайтынмын. Бірақ нәтижесінде жапон және қытай қаны да бар екені белгілі болды. Мұның мәні – адамның өзі туралы көбірек білуінде», – деді Freedom Bank басқарушы директоры.
Спикердің пікірінше, генетикалық тестілеу адамның өмір салтын дұрыс қалыптастыруына да көмектеседі. Мәселен, ағзаның қандай тағамдарға бейім екенін, физикалық белсенділіктің қай түрі қолайлы екенін және қандай да бір ауруларға генетикалық бейімділік бар-жоғын алдын ала түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ол ДНҚ тестінің медициналық диагноз қоймайтынын, тек адамның жеке ерекшеліктерін тануға арналған құрал екенін атап өтті.
«Бұл – диагноз емес. Тек өзіңді тереңірек тануға көмектесетін мүмкіндік. ДНҚ тесті ұзақ өмір сүрумен және өмір салтын дұрыс қалыптастырумен байланысты. Біздің мақсатымыз – адам ауырып қалған кезде ғана емес, оның денсаулығын алдын ала күтуге де көмектесу», – деді іс-шараға қатысушы.
Генетикалық деректерді жасанды интеллект түсіндіреді
Freedom өкілдері генетикалық тестілеу нәтижелерін түсіндіру үшін жасанды интеллект технологиясын енгізу жоспары бар екенін де хабарлады.
Спикерлердің айтуынша, генетикалық зерттеуде көрсеткіштер санымен қатар, алынған нәтижелерді қарапайым әрі түсінікті тілде ұсыну да маңызды. Өйткені генетикалық ақпараттың көлемі үлкен болғанымен, оны дұрыс түсіндіре алмаса, пайдаланушы үшін практикалық пайдасы төмен болуы мүмкін.
«Оның цифрлық форматта ұсынылуы мен визуализациясы тұрғысынан біздің жүйе әлдеқайда түсінікті деп сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта жасанды интеллект енгізіліп, ол осы мәліметтерді дұрыс түсінуге көмектеседі», – деді спикер.
Осылайша, Freedom генетикалық тестілеуді тек адамның шығу тегін анықтайтын құрал ретінде емес, жеке денсаулық ерекшеліктерін түсінуге және өмір салтын саналы түрде қалыптастыруға көмектесетін цифрлық сервистердің біріне айналдыруды көздеп отыр.