Freedom басшысы КазТАГ-қа қарсы қозғалған қылмыстық іс туралы пікір білдірді

Қаракөз Амантай 09 жел. 2025 11:11

Freedom Finance компаниясының басшысы Тимур Турлов KazTAG халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновқа қарсы қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол алдымен КазТАГ таратқан материалдардың мазмұнына тоқталды.

“Соңғы уақытта олар күніне 12 материал шығарып отырды. Неліктен бұлай болып жатқанын түрліше түсіндіруге болады. Әрине, бәріне ұнай бермейтінімізді түсінемін, теріс пікір айтуға да жұрттың құқығы бар. Бірақ шындыққа сәйкес келмейтін деректерді факт ретінде жариялауға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл - жала”, - деді ол.

Оның сөзінше, агенттік материалдарында шындыққа жанаспайтын ақпарат өте көп. Тіпті, кей жағдайларда оқырманды да, мемлекеттік органдарды да манипуляциялауға әрекет байқалады.

Турлов мемлекеттік органдарға жіберілген сауалдарды бұрмалап беру фактілерін де атап өтті.

“Мысалы, олар мемлекеттік органға сауал жолдайды да, кейін жауап ретінде сол сауалды өздері жариялап, “бізге түсініктеме бермеді” деп көрсетеді. Бұл – этикаға сай емес”, - деді ол.

Freedom басшысы компанияның құқықтық қорғау қадамдарына қатысты да пікір білдірді.

“Егер біреу әдейі теріс мақсаттағы материал жариялап, жалған деректер таратса, біз не істей аламыз? Біз мұнда заңды жолмен жауап беруге мәжбүр болдық. Бұл – эмоциямен емес, заң аясында қабылданған шешім”, — деді ол.

Ол қоғамға таралған ақпараттың нақты фактілерге сүйенуі маңызды екенін атап өтіп, дауға қатысты құқықтық процесс заңды тәртіпте жалғасатынын айтты.

Бұған дейін

Еске салайық, күні кеше KazTAG Халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Амир Қасеновқа Freedom Finance компаниясының арызы негізінде қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Freedom Finance арызында KazTAG жариялаған материалдарда компания басшылығының алаяқтық схемалары туралы зардап шеккендердің мәлімдемелері келтірілгені айтылған. Осыған байланысты Матаев пен Қасенов күдікті ретінде танылды.

Алайда қорғаушылар процесте заң бұзушылықтар болғанын алға тартып отыр. 

"Күдікті деп тану рәсімі заңсыз жүргізілді. Олардың тергеуден жалтарғаны дәлелденбеген", – деді адвокат Рена Керимова.

Редакция қылмыстық іс қозғалғанын бірнеше ай бойы білмеген. Тергеу құпия жүргізіліп, сараптамалар да редакцияны хабардар етпестен орындалған. Адвокат Ерлан Макенов мұны Қылмыстық-процессуалдық кодекс талаптарының бұзылуы деп бағалады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар