Freedom Inside '26

Францияның бұрынғы президентінің әйелі Бернадетт Ширак қайтыс болды

Францияның бұрынғы президентінің әйелі Бернадетт Ширак қайтыс болды
ашық дереккөзден

Францияның бұрынғы президенті Жак Ширактың әйелі Бернадетт Ширак 93 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бернадетт Ширак 5 маусым күні кешке өмірден озған.

Бернадетт Ширак Франция тарихында сайланбалы саяси қызмет атқарған жалғыз бірінші ханым болды. Ол 1979 жылдан 2015 жылға дейін Коррез департаментінің бас кеңесшісі қызметін үздіксіз атқарды.

Франция президенті Эммануэль Макрон марқұмның жақындарына көңіл айтып, оны "жүрегі кең ұлы әйел" деп атады.

"Ол біздің тарихымызда із қалдырды, нәзіктік пен табандылықтың арқасында талай адамның өмірін өзгертті", – деп жазды француз көшбасшысы.

Макрон оның француз ауруханалары қорының басшысы ретінде атқарған еңбегін де атап өтті. Президенттің айтуынша, Бернадетт Ширак бұл қызметінде миллиондаған қарапайым науқасқа көмек көрсеткен.

Бернадетт Ширак 1933 жылы 18 мамырда Парижде дипломаттар отбасында дүниеге келген. Sciences Po оқу орнында білім алып жүрген кезінде ол Францияның болашақ президенті Жак Ширакпен танысқан. Екеуі 1956 жылы шаңырақ көтеріп, 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүрді.

Күйеуінің президенттік кезеңінде Бернадетт Ширак бастапқыда көпшілік назарынан тыс жүрді. Алайда 2002 жылы Жак Ширактың қайта сайлануына маңызды рөл атқарды.

Ол ауруханада емделіп жатқан балаларға көмек көрсетуге арналған «Сары тиындар» қайырымдылық науқанының жетекшісі ретінде француздар арасында үлкен құрметке ие болды.

Жак Ширак 2019 жылдың қыркүйегінде 86 жасында қайтыс болған. Ол 1995 жылдан 2007 жылға дейін 12 жыл бойы Франция президенті болды. Сондай-ақ екі рет ел премьер-министрі, үш рет Париж мэрі қызметін атқарған.