Қазақстан мұнай мен газ ғана емес, стратегиялық маңызы жоғары сирек минералдарымен де әлемдік ірі ойыншылардың назарын аударып келеді. Бұл жолы Франция Қазақстанның маңызды шикізат қорларына қызығушылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан мен Франция маңызды шикізат материалдары жөніндегі бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді.
Кездесу барысында тараптар геологиялық барлау жұмыстарын, геологиялық деректермен алмасуды, зертханалық зерттеулерді, тау-кен өндірісі саласын дамытуды және жаңа бірлескен жобаларды талқылады.
Сондай-ақ жиында титан мен басқа да стратегиялық маңызы жоғары ресурстарды жеткізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл шикізат түрлері бүгінде әлемдік экономиканың көптеген салалары үшін аса қажет болып отыр.
Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібековтің айтуынша, Қазақстан Еуропалық одақтың маңызды шикізаттар тізіміне енгізілген 34 материалдың 21 түрін өндіреді және өңдейді.
Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіш Қазақстанның жаһандық шикізат нарығындағы рөлін күшейтіп, халықаралық әріптестік үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.