Forbes тізіміндегі жер байлығын иеленушілер қатарына ақыл байлығын игергендер қосылды

Dalanews 09 қаз. 2024 12:14 2055

Forbes Kazakhstan журналының 2024 жылғы қазан айындағы санында Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің рейтингі жарияланды. Онда жер байлығын иеленушілермен қатар, ақыл байлығын игерген жастар есімі де қамтылып, жұртты елең еткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа есімдер - Марат Жұман, Рауан Кенжеханұлы және Арсен Томский

Ең алдымен, өздеріңізді жаңа есімдермен таныстыра отыралық. 2024 жылғы ең ықпалды кәсіпкерлер тізіміне алғаш рет 2018 жылдың "Жыл кәсіпкері" атағын иеленген Марат Жұман кірді. Оның халықаралық деңгейде жұмыс істейтін Atasu Group транспорттық-логистикалық холдингі 2023 жылы Қытайдың ірі порттық компаниясы Shandon Port Group-пен серіктестік орнатқан болатын. Марат Жұман аталған рейтингте 46-орынға тұрақтапты.

Одан сәл төменде, 50-ші орында Bilim Media Group-тың негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы тұр. Оның білім беру саласындағы қазақ тіліндегі оқулықтарды аудару, қазақтілді Википедия және Online Mektep платформалары Кенжеханұлын байлар тізіміне іліндіріп отыр.

Ең ықпалды кәсіпкерлер тізіміне алғаш рет төбе көрсеткендердің арасында Арсен Томский де бар. Ол беделді рейтингте InDrive қызмет көрсету платформасы арқылы 16-орынға орныққан. InDrive 46 елдің 779 қаласында жұмыс істейді. 2023 жылдың желтоқсанында Қазақстан азаматтығын алған Томский 2024 жылдың мамыр айында Forbes тізімінде ең бай қазақстандықтар қатарына еніп, 920 миллион доллар байлығымен 10-орынды иеленді. Томский Марат Жұманмен транспорттық салада, сол секілді білім беру саласындағы жобаларымен Рауан Кенжеханұлымен де белгілі бір деңгейде әріптеседі.  

Томский – 50, Жұман – 48, Кенжеханұлы – 45 жаста. Барлығы да еліміздегі тәжірибелі, әлеуметтік белсенді кәсіпкерлер.

Тізімге қайта оралғандар

2024 жылғы тізімге жаңадан келгендерге қарағанда қайтып оралғандар басым: бес адам. Олардың ішінде аса назар аудартатын жайт Гауһар Қаппарованың оралуы. Ол Lancaster Group-тағы Құлыбаевтар отбасының бизнес-әріптесі Раушан Сағидиеваның орнын басқан. Мәселен, Сағадиева 2023 жылы рейтингтн 47-орында тұрса, Қапарова 2024 жылы 41-орынға көтерілген.

Бұл тізімнен аты-жөні сызылып, енді қайта пайда болғандар арасынан сақтандыру саласының өкілі Алмас Мыңбаевты (Nomad Life және Nomad Insurance акционері), алтын өндіруші Владимир Жұманбаевты ("Алтыналмас" және "Казахалтын" АҚ-лары), энергетикалық сектордың өкілі Сергей Канды (ЦАТЭК және ЦАЭК компаниялары) көруге болады. Сол секілді бұл тізімнен Kaspi.kz акционері және басшысы Михаил Ломтадзе де байқалады. Ол Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингісінде алтыншы орында тұр.

Байлығы арта түскендер кімдер?

Андрей Лаврентьев 26-орыннан 9-орынға бір-ақ көтерілген. Ол 2023 жылы Qarmet (бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау") кәсіпорнын сатып алған болатын. Бұл өзгеріс осымен тікелей байланысты. ERG тобының өкілі Шухрат Ибрагимов те 11-орыннан 7-орынға көтерілді. Аграрлық саладағы кәсіпкерлер де рейтингте жоғарылады: Серік Толықпаев пен Иван Сауэр өз позицияларын нығайтты.

Байлығы азайғандар кімдер?

Ал Тимур Құлыбаев 3-орыннан 8-орынға түсіп қалды. "Bazis-A" құрылыс корпорациясының негізін қалаушы Александр Белович те 9-орыннан 14-орынға төмендеді. Сондай-ақ, автожанармай құю станциялар желісінің иесі Данияр Әбілғазин алты орынға төмендеді. Бұл құлдырауды сарапшылар алда зерттей жатар.

Forbes Kazakhstan бағалауынша, осы тізім "ардагерлері" Серікжан Сейітжановтың, Сайдолла Қожабаевтың, Александр Клебановтың ықпалдары әлдеқайда әлсіреген.

Рейтинг шыңындағы ең бай әрі ықпалды адамдар

Рейтинг шыңындағы алғашқы бестікте де өзгерістер орын алды. Болат Өтемұратов екіншіден үшінші орынға төмендеді. Тимур Турлов пен Нұрлан Смағұлов өз позицияларын нығайтып, сәйкесінше бесінші және жетінші орындарға орнықты.  Ең бастысы, Владимир Ким (KAZ Minerals) қайтадан рейтингтің көшін бастады, өткен жылы ол Kaspi.kz иесі Вячеслав Кимге жол беріп, екінші орында болған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар