АҚШ-тың Флорида штатында 1987 жылдан бері өлім жазасының орындалуын күтіп келген 74 жастағы Деннис Сочорға өлім жазасы орындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Fox News мәліметінше, Деннис Сочор Флорида тарихында өлім жазасы орындалған ең қарт сотталушы атанды.
Тергеу дерегіне сәйкес, ол 1982 жылғы 1 қаңтарда 18 жастағы Патрисия Гиффордпен барда танысқан. Кейін қыз Деннис Сочор және оның ағасымен бірге таңғы ас ішуге кеткен. Біраз уақыттан соң Сочор қызды оңаша жерге апарып, жыныстық қатынасқа түсуді ұсынған. Қыз бас тартқаннан кейін оны тұншықтырып өлтіріп, мәйітінен құтылған. Патрисия Гиффордтың денесі әлі күнге дейін табылған жоқ.
Сочор 1986 жылы басқа қылмыстық іс бойынша ұсталып, кейін Флоридаға экстрадицияланған. Сол жерде ол кісі өлтіргенін мойындаған.
1987 жылы алқабилер оны адам ұрлау және алдын ала жоспарланған кісі өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танып, өлім жазасына кескен.
Өлім жазасы Флорида штатындағы түрмеде үш түрлі препараттан тұратын өлім инъекциясы арқылы орындалды.
Жаза орындалар алдында Деннис Сочор зембілге таңылып, оған дәрілік ерітінді енгізетін жүйе орнатылған. Ол қайтыс болар алдында Патрисия Гиффордтың отбасынан бірнеше рет кешірім сұрап, жасаған қылмысына «қатты өкінетінін» айтқан. Сондай-ақ соңғы асынан бас тартып, өлім жазасы алдында бір келушімен және рухани тәлімгерімен кездескен.
Бұл – Флорида штатында 2026 жылдың басынан бері орындалған оныншы өлім жазасы. Ал 2025 жылы штатта рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 19 адамға өлім жазасы орындалған. Бұл – АҚШ-тағы кез келген штат арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, 2025 жылы АҚШ бойынша 47 адам өлім жазасына кесілген.