Қорғалжын даласында қоқиқаздардың қызғылт бейнесі көзге бірден түседі. Табиғаттың осы көрінісі соңғы жылдары ауданның туристік брендіне айналып келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ал биыл бұл жерге қоқиқазды тамашалауға туристермен бірге шетелдік дипломаттар да жиналды. 5 қыркүйекте Қорғалжында екінші рет Flamingo Fest өтті.

Dala News тілшісі фестивальге барып, биылғы шараның қалай өткенін және бір жыл ішінде не өзгергенін көрді.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтармен қатар, 30-дан астам шетелдік елшіліктің өкілдері қатысты. Бағдарламада қолөнер жәрмеңкесі, «Flamingo Art» көрмесі, ұлттық ойындар, музыкалық қойылымдар және Қорғалжын қорығы аумағындағы қоқиқаздардың мекеніне экскурсиялар болды.
Шетелдік қонақтардың бір бөлігі үшін бұл Қорғалжынға алғашқы сапар. Олардың қатарында Ливанның Қазақстандағы елшісі Джордж Абу Зейд те бар. Ол фестивальге отбасымен келген. Тілшімен әңгімесінде дипломат Қорғалжынның табиғатына ерекше назар аударғанын айтты. Бағдарлама тығыз болғандықтан, барлық нысанды толық аралап шығуға мүмкіндік болмағанымен, аймақтың табиғаты мен қоқиқаздардың өзі жақсы әсер қалдырған.

Фестивальдің негізгі мақсатының бірі де осы табиғи әлеуетті туризмге айналдыру. Қорғалжын ауданында жылына шамамен 2 мың турист қабылданады. Аудан әкімі Алмас Алиннің айтуынша, келушілер санын екі-үш есеге арттыру өңір экономикасына да әсер етуі мүмкін.
Алайда туристік ағынды арттыру үшін бір күндік фестивальдің өзі жеткілікті ме деген сұрақ туындайды.
Биылғы Flamingo Fest өткен жылмен салыстырғанда ұйымдастыру жағынан ауқымдырақ көрінгенімен, бағдарламаның бір күнге тығыз орналасқаны байқалды. Кейбір шаралар жылдам өтіп, журналистер мен қонақтарға ақпарат алу және бағдарламаға толық ілесу үшін уақыт аз болды. Яғни фестивальдің сыртқы көрінісі мен мазмұны бар болғанымен, оны жүйелі туристік өнімге айналдыру мәселесі әлі де өзекті.
Мұны бюджеттен де көруге болады.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, 2025 жылы Flamingo Fest-ті ұйымдастыру бойынша келісімшарт сомасы 1,433 млн теңгені құраған. Ал 2026 жылы дәл осы бағыттағы келісімшарт 3,12 млн теңгеге жасалған. Сатып алудың жоспарланған сомасы 3,5 млн теңге болған. Құжатта қаржыландырудың бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Осылайша, бір жыл ішінде фестивальді ұйымдастыруға арналған келісімшарт сомасы шамамен 1,69 млн теңгеге немесе 118%-ға өскен. Бұл ретте 3,12 млн теңге фестивальдің барлық шығыны емес, мемлекеттік сатып алу арқылы ұйымдастыру қызметтеріне жасалған келісімшарттың сомасы екенін атап өткен жөн.

Бірінші Flamingo Fest 2025 жылы өткен. Ол кезде бағдарламада концерттер мен шығармашылық байқаулардан бастап, ұлттық ойындар мен қолөнер жәрмеңкесіне дейінгі бірқатар шара қамтылды. Биыл ұйымдастырушылар табиғи туризм мен дипломатиялық қонақтарға көбірек назар аударған.
Қорғалжын үшін қоқиқаз тек әдемі суретке түсетін нысан емес. Бұл өңірдің туристік әлеуетін қалыптастыратын табиғи ресурс. Бірақ туристер санын 2 мыңнан 4-6 мыңға жеткізу мақсаты қойылса, фестивальді жылына бір рет өткізумен шектелу жеткіліксіз.
Қонақ келетін жол, қонатын жер, тамақтанатын орын, тұрақты экскурсия, кәсіби гид, көлік және ең бастысы, табиғатты қорғау талаптары қатар дамуы керек. Сонда Flamingo Fest бір күндік мерекеден Қорғалжынға жыл бойы турист әкелетін нақты құралға айналуы мүмкін.