Федерация Жәнібек Әлімханұлына қатысты мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 09 қаң. 2026 11:30

Қазақстанның Кәсіби бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Федерация өкілдерінің айтуынша, спортшы ісі аясында В сынамасын ашу заңдық тұрғыдан шешуші кезең болып саналады. Бұл тек боксшының мансабына ғана емес, іске қатысы бар барлық тараптың әрекеттеріне құқықтық баға беруге тікелей әсер етеді.

Мәлімдемеде Қазақстанның Кәсіби бокс федерациясы халықаралық спорт құқығының негізгі қағидаттарын, атап айтқанда кінәсіздік презумпциясын, процестік адалдықты және регламенттердің қатаң сақталуын ұстанатыны атап өтілген.

Федерация В сынамасының ресми нәтижелері жарияланғанға дейін Жәнібек Әлімханұлы заңды түрде кінәсіз деп саналатынын еске салды. Осыған байланысты айыптаушы сипаттағы кез келген жария мәлімдемелер процестің әділдігіне қысым көрсету және спортшының құқықтарын бұзу ретінде бағаланатыны айтылды.

Сондай-ақ В сынамасын ашу мен талдау бекітілген рәсімдерге толық сәйкес жүргізілуі, ал спортшы мен оның өкілдері процестің барлық кезеңдері мен нәтижелеріне қол жеткізуі тиіс екені талап етіледі. Регламенттен кез келген ауытқу нәтижелерді жарамсыз деп тануға негіз болуы мүмкін.

Федерация Жәнібек Әлімханұлын тіркелген кәсіби боксшы ретінде қорғауды жалғастыратынын және оның құқықтары мен беделін қорғау үшін барлық заңды тетіктерді қолданатынын мәлімдеді. Егер В сынамасы таза деп танылса, барлық айыптауларды ресми түрде алып тастау, спортшының беделін жария түрде қалпына келтіру және іс барысында жасалған әрекеттерге құқықтық баға беру талап етіледі.

Ал егер бұзушылықтар заңды әрі дәлелді түрде анықталса, федерация шешімдерді қолданыстағы регламенттер аясында қабылдайтынын хабарлады.

Мәлімдеме соңында федерация өкілдері басты қағида эмоция емес, құқық екенін атап өтіп, тек заңға сай алынған В сынамасының нәтижесі ғана түпкілікті қорытынды жасауға негіз болатынын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар