Еуроодақ шекарасында Қазақстаннан жөнелтілген сұйытылған мұнай газы (СМГ) тиелген жүзден астам цистерна тұрып қалды. Бұл туралы Dalanews.kz тілшісі мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинскийдің мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Еуроодақ "ресейлік газ болуы мүмкін" деген күдікпен тексеруді күшейткен
Сарапшының айтуынша, Польша мен Беларусь шекарасындағы Брест-Орталық, Брест-Шығыс және Барановичи-Орталық шекаралық бекеттерінде "Теңізшевройл" өндірген сұйытылған газ тиелген кемі 100-ден астам вагон-цистерна жиналып қалған. Польша кеденшілері газдың нақты Қазақстанда өндірілгенін растайтын құжаттарды сұратуда. Себебі ЕО 2024 жылдан бастап ресейлік СМГ-ның тасымалына тыйым енгізген. Енді Ресейге іргелес елдерден келетін кез келген СМГ күшейтілген тәртіпте тексеріледі.
"Қазақстанның "санкцияларды айналып өтуге көмектеседі" деген күдікке ілігуі кедергі келтіруде. Еуроодақ кеден органдары "Қазақ газы" деген атпен Ресейде өндірілген газ тасымалдануы мүмкін деп қауіптенеді", — дейді сарапшы Олег Червинский.
"Теңізшевройл" жұмысына әсер етуі ықтимал
Қазақстандық СМГ-нің Еуропаға өте алмауы салдарынан бос вагон-цистерналар тапшылығы байқалып жатыр. Бұл "Теңізшевройл" сияқты ірі өндірушілердің тасымалына әсер етуі мүмкін.
"Брюссельдегі Қазақстан елшілігі ЕО-ның санкцияларға жауапты комиссарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда әзірге нәтиже жоқ", — дейді Червинский.
Ресейге қарсы жаңа санкциялар: Қазақстанда бензин қымбаттауы мүмкін
Бұған дейін Ресейге қарсы жаңа санкциялардың кесірінен Қазақстанда жанармай бағасы өсуі мүмкін екені хабарланған. Өйткені шектеулер «Газпромнефть» компаниясының еншілес кәсіпорнына да тікелей қатысты, ал оның Қазақстанда өз жанармай құю бекеттер желісі бар.