Ескі Қазақстанға қарсы күрес: Тоқаев ауыр артиллерияны іске қосты

Dalanews 28 жел. 2023 07:03 1388

Жаңа Қазақстан туралы әңгіме сұйылып бара жатқандай еді. Соңғы жағдайлар ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстан арасында ашық майдан қалыптасқанын көрсетеді.

Оны әулеттің қолындағы байлық пен шетел асқан қаржыны елге қайтару бойынша жасалып жатқан бірқатар жұмыстардан да айқын аңғаруға болатындай.

DALA INSIDE телеграм арнасына жеткен ақпарат бойынша Тоқаев билігі ескі Қазақстанмен күреске ауыр артиллерияны қоса бастаған.

Мәселен, бұған дейін Ақорда Назарбаев әулетінің іштегі байлығын, шетелдегі активтерін қайтару туралы әңгімелердің бетін сүзіп, Жаңбыршин, Зайытов, Толықбай, Аралбайұлы сияқты саяси салмағы аз хайпшыл депутаттарға ғана айтқызатын.

Енді бұл тақырыпқа Астана салмақ бере бастады. «Тема» тереңдеген.

Ұрыста тұрыс жоқ


Соғыстың шешуші кезеңіне Ақорда саяси салмағы бар, ауыр артиллерия саналатын Айдос Сарымды іске қосты. Ол бұрынғы Айдос емес, толысқан, кемеліне келген.

Қаңтардан кейінгі ауыс-түйіс тұсында халықтың Сарымға деген көзқарасына қылау түскен-ді. 2022 жылдың қаңтарынан бергі Қазақстанның саяси идеологиясын жасап, сценарийін сызып отырған осы – Айдос Сарым.

 Демек, Сарым, ол – бірнеше «зайытовтар» мен «толықбайлардың» салмағы бар саяси тұлға.


Сарымның Жаңа Қазақстан күресіне ашық тартылуы ашық майдан басталғанын көрсетеді. Тоқаев билігіне енді артқа қайту жоқ.

Бұған дейін Ақорда Назарбаев әулетінің заңсыз иемденген, шетел асырған байлықтарын, ұрлаған активтерін там-тұмдап ашық ақпарат көздеріне шығара бастаса, ендігі жерде шынайы күрес басталады.

Оған нақты мысал – Айдос Сарымның Мәжіліс мінберінде көтерген тақырыбы. Депутат шекара заставаларын салуға бөлінген қаржының талан-таражға түсуін көтерді. Сиырқұймышақтанған істе де Назарбаев әулетінің қолтаңбасы бар...

Айдос Сарымның Мәжілісте көтерген мәселесі сөзбе-сөз былай: «Қазақстан Республикасының аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара заставасын салу жоспарланған болатын. 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланды.

Оған 53 млрд 894 млн теңге шамасында мердігерлік ұйымдар – «Capital Construction» және «Толағай-2050» компанияларымен жалпы шарттар жасалған болатын. Осы шарттарға сай «Толағай-2050» компаниясы 40 млрд 350 млн теңге сомасындағы қаржыға 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмыстарды орындау мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсаны деп көрсетілген болатын. Жылдың соңына дейін 17 күн қалды.

Алайда жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасына шағымдар түсуде. Қолда бар ақпарат бойынша, биыл 1 қазанда «Толағай-2050» компаниясы тек 13 млрд 960 млн теңгені ғана игерген.

Бұл шарттағы жалпы соманың 35 пайызы деген сөз. 2022 жылдың 3-ақпанына дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын атап көрсетеміз.


Мәселе адамның фамилиясында емес. Назарбаев болсын, Базарбаев болсын, заң баршаға ортақ болу керек», – дейді.

Миллиондардың емес, миллиардтардың әңгімесі...


Базардың емес, мемлекеттік шекара заставасының қаржысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың емес, бауырының аты-жөні белгісіз қызына қатысты ақша. Әңгіменің төркіні – осында.

Ескі билік басынан бақайшағына дейін қорланып алған. Сарымның айтып отырғаны – сол, заң Назарбаевқа да, Базарбаевқа да ортақ болу керек.

Жыланның басын шауып тастау қиын. Кесірткедей кертіп-кертіп күшін әлсірету – Тоқаев дипломатиясына ғана тән жол. Боранбаев пен Сатыбалдыны дымсыз қалдырды. Ендігі кезек рәмәтлік Болат Назарбаевқа жетті. Өзі өлгенімен, артындағы бала-шағасының, тоқалдарының қолында заңсыз жолдармен қалдырған байлығы. Болаттан кейінгі кезек Байбек, Есімов сияқты туысқандарына, Өтемұратов сияқты оң қол, сол қолдарына жетеді.

Тоқаевтікі «Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген дипломатиялық ұстаным. Қытай көргені тағы бар. Хансулар соғыссыз-ақ Азияның жартысын жаулап алғанын тарих жасырмайды

Жарас КЕМЕЛЖАН


Арнайы Dalanews үшін




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар