Ескі Қазақстан: Талғарлық полиция "қылмыскермен" мүдделес пе?

Dalanews 23 мау. 2022 03:48 911

Алматы облысы Гүлдала ауылының тұрғыны Тазагүл Жәмешова бір айдан бері екінші топтағы мүгедек. Таңғы сағат жетіде Алматы-Көкпек-Көктал тас жолында жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан Тазагүлді «Chevrolet Aveo» жеңіл көлігі қағып кетеді. Алайда, көлік жүргізушісі жауапкершіліктен жалтарып, заң алдында жауап бермеген деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ал, жәбірленушінің жазған арызын жауапты органдар ескерусіз қалдырған. Алматы тұрғыны құқық қорғау органдарының заңды белшесінен басып отырғанын айтады.

Редакциямызға Тазагүлдің інісі Алмаз есімді азамат хабарласып, болған жайтты толықтай баяндап берді.

***

«Оқиға 2021 жылы 10 қазанда болды. Таңертеңгі уақытта әпкемді жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан жерінен жеңіл көлік қағып кетті. Әпкем 8 метр жерге ұшып түскен. Қатты соққыдан сол жақ иығы, омыртқасы, жамбасы, балтыр сүйегі сынды. Сегіз ай бойы төсектен тұра алмай жатты. Қазір екінші топтағы мүгедек. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. Жанына тек ауруды басатын дәрі ғана жәрдем береді», - дейді Алмаз.

Тазагүл Жәмешованы қаққан көлік ішінде екі ер адам болған. Көлік оқиғасы болған кезде жүргізушінің жанында отырған жігіт сыртқа шығып, қатты соққыдан жол шетіне ұшып түскен әйелдің басын көтеріп: «Тәте, біз сізді қағып кеттік», - деген. Оқиға орнына жедел-жәрдем келіп, Тазагүлді тез арада Талғар ауданының ауруханасына жеткізеді.

«Мен әпкемді қағып кеткен кезде, дереу сол жерге бардым. Көлік жүргізушісі кешірім сұрап, барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын, әпкемнің еміне көмектесетін айтты. Басқа түскенге көнесің, адамгершілікке салып, арыз жазбай-ақ, қояйын дедім. Бірақ, жүргізушінің адамшылығы болмай шықты. Әпкемнің ем-домына көмектеспек түгілі, қалын сұрауға жараған жоқ», - дейді Алмаз.

Алмаз бір күннен кейін Талғар ауданы полициясына арыз түсіреді. Полиция «бәрі зерттеледі» деп, арызды алып қалады.

«Арыз жазғаннан кейін полицияға хабарласып тұрдық. Олар іс қаралып жатқанын айтып жүрді. Осы кезде әпкемді қаққан көлік жүргізушісі бізге: «Жазған арызыңды қайтарып ал, әйтпесе өзіңе жаман болады», - деп қоқан-лоқы көрсете бастады. Менің екінші әпкемнің жұмысына 5-6 ер адам барып қорқытып кеткен. Үш ай өткеннен кейін полицияға барғанымызда, істің баяғыда жабылып қалғанын айтты. Біз аң-таң болдық. Жауапты орган бізге тіпті, бұл туралы ескерткен де жоқ», - дейді жәбірленушінің інісі Алмаз.

Алмаз тағы да арыз жазады. Адвокат жалдайды. Бірақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары әлі күнге дейін істі созып, сотқа жібермей отыр.


«Талғар ауданы полиция тергеушісі көлік жүргізушінің «менің кінәм жоқ» деген сөзін ғана айғақ етіп отыр. Оның жаяу жүргіншілер жолына жақындағанда сағатына 60 км жүруі тиіс екеніне, бағдаршамды елемегеніне назар аударып отырған жоқ. Ең сорақысы, полиция менің әпкемді жаяу жүргіншілер жолағынан емес, одан 30 метр қашықтықта, өтуге болмайтын жерден өткен, көліктің астына өзі түскен етіп қорытынды шығарып отыр. Әпкемді қағып кеткен кезде, оның басын ұстап жылаған ер бала жүргізушінің балдызы. Маған оны жүргізушінің әйелі өз аузымен айтқан болатын. Бірақ, полиция ол жігіттің орнына куәгерді алмастырып, жазықты тараптың пайдасына шешіп отыр. Одан қала бере, оқиға орнына жеткен жедел-жәрдемнен ешқандай түсініктеме алмаған. Ал, көлік оқиғасы болған жердің картасы тек жүргізушінің айтқанымен сызылды.

Жүргізуші әпкемді қағып кеткеннен кейін екінші күні-ақ, құқық қорғау органдары тарапынан «арестке» алынған көлігін жөндеуден өткізіп, емін-еркін мініп алды. Бұл заңсыздықтың қалай іске асқанына тергеуші жауап берген жоқ. Тек жүргізушінің жағына шығып, біздің арыз-шағымымызды құлағына ілмеді», - дейді заңнан әділдік іздеген Алмаз.

Алмаздың айтуынша, Тазагүл Жәмешованы қағып кеткен көлік жүргізушісінің заң органдарында істейтін «туысы» бар көрінеді.


Құқық қорғау органдарының істі сонша созбалақтағанына қарағанда, «туыстықтың» бір себі тиіп тұрғанына күмән қалмайды.

«Істі ашудан гөрі «жауып тастауға» құмар құқық қорғаушы органдарды көргенде, көкейге «Әділетті Қазақстанға жету үшін әлі қанша жылды сарп етеміз?» деген сұрақ келеді», - дейді араша іздеген Алмаз мырза.

Dalanews.kz


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар