"Ескі Қазақстан банк жүйесін әлі де уысында ұстап отыр" - сарапшы

Сағыныш Сардарова 24 мау. 2025 13:30

Мемлекет ипотека мөлшерлемесін 20%-ға түсірмек болды, бірақ банктер мұны қабылдамай, 25%-ға қайта көтерді. Бұл Үкіметтің қаржылық институттар алдындағы әлсіздігін көрсете ме? Бұған не себеп?

Dalanews.kz-тің осы және өзге де сауалдарына танымал экономист сарапшы Ләззат Жанмолдаева жауап қатты.

Сарапшы мұның бір себебі ескі Қазақстанмен байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

"Бұл жерде Үкіметтің әлсіздігі де емес шығар. Негізі бұл бір жағынан ескі Қазақстанның мүшелері банк жүйесін әлі де өзінің уысында ұстап отырғанын білдіреді деп есептеймін. Қай кезде де, қандай дағдарыс болса да мемлекет тарапынан осы банктердің құлдырамауына көп қаржы бөлінетін. Бірақ банктер мемлекет тарапынан елдің экономикасы дамуына емес, тек өздері табыс табу, өздерінің қорларын көбейту үшін халыққа жеңіл-желпі несие беріп, көп пайыздық мөлшерлемемен кері қайтарып алумен, қорын көбейтумен ғана жұмыс жасады. Соңғы кезде банк жөнінде "оларға да реформаға жасау керек" деген сияқты ұсыныстар әлеуметтік желілерде кейбір сарапшылардың аузынан шыққанменен, ортасында бұл тоқтап қалды. Мұны да банк жүйесін басқарып отырған күштердің әлі де басымдығы бар екенін көрсететін бір белгі ретінде қабылдауға болады", - дейді сарапшы.

Төмен пайызбен несие беретін шетелдік банктердің Қазақстан нарығына кіруі неге баяу жүріп жатыр? Бұл Қазақстандағы банктердің мүддесін қорғау ма, әлде реттеуші органдардың шектеуі ме? Бұл сауалға сарапшы былай жауап берді:

"Шетел банктері біздің елдің нарыққа кірмеді деп айта алмаймыз. Нарыққа Ресей банктері кіріп жатыр, Қытай банкі жұмыс істеп жатыр. Араб елінен келген банктер бар. Бірақ ол банктердің мөлшері көп емес. Кез келген мемлекетке инвестициялық қаржы салып, өз кәсіптерін дамыту үшін сол елдің экономикасының тұрақтылығы, елдің геосаяси жағдайы, саяси жағдайы соның бәріне көңіл бөліп барып келеді. Сондықтан әртүрлі елдің банктері жұмыс істеп жатыр, бірақ олар өздерінің кәсіптеріне (қарай бағдарланады - еск.). Қытай банкі Қытай автокөліктеріне қарай, несие беруге қарай жұмыс істеп жатқанын байқаймыз. Алтын банк деген сияқты Қытайдан келіп жатқан банктер де бар. Әрине, кез келген елден келген инвестор болсын, банк болсын сол елдің ішінде өз табысын табу үшін ғана жұмыс істейді. Бұл жерде бірнеше елді осылай айта аламыз", - деді сарапшы.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров сұхбаттарының бірінде елдегі ескі заң 30 жыл олигархтардың мүддесіне қызмет етіп келгенін жеткізді.

Депутат жаңа заң қажет екенін айтып, "халқымыздың қаржы саласындағы сауатсыздығын пайдаланған банктер байлыққа кенеліп, халықты кедейлендірді. Жаңа заң еліміздегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырып, банк саласындағы олигархтардың күшін жоюы керек", деп мәлімдеді.

Депутаттың сөзінше, бұл банктердің барлығы бұрынғы президент Назарбаевтың айналасындағы азаматтарға тиесілі.

"30 жыл ішінде бұл банктер конкуренция жасамауы үшін шетелден банктерді кіргізбеген. Содан кейін Қазақстанның ішінде пайызын көтеріп, халықты сүліктей сорып отырған", - деді ол.

Депутаттың пайымдауынша, бұл мәселелерді шешу жолы мынадай:

  • "Бірінші, Қазақстанға халықаралық дәрежедегі банктерді енгізу керек. Егер олар келіп, Қазақстанда белгілі бір бәсекелестік болса, пайызы азаяды.
  • Екінші, Қазақстанның банктері өндірісті мүлдем қаржыландырмайды. Олар халыққа тұрмыстық кредит беріп, содан тек пайда тауып отыр. Банк саласын өндірісті қаржыландыруға бұру керек. Бұл үшін де Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен, нақты шешімдері қажет.
  • Үшінші үлкен мәселе: осы банктердің иелері өздерінің дивидендінен салық төлемейді. Осы жақын арада Банк туралы заң жобасы бізге келеді. Міне сол жоба аясында мен айтқан осы мәселелерді шешудің амалдарын жасаймыз".

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар