Экологтарға ескертусіз тексеру құқығын бермек: депутаттар қарсы шықты

Экологтарға ескертусіз тексеру құқығын бермек: депутаттар қарсы шықты
pixabay.com

Экологиялық инспекторларға прокуратураны ескертпей тексеру жүргізуге құқық беру туралы түзету Мәжілісте қызу талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Экологиялық кодекс жобасын талқылау кезінде жұмыс тобы экологиялық инспекторларға прокуратура органдарын алдын ала хабардар етпей тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін түзетуді қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, бұл норма Үкімет тарапынан қолдау таппаған. Депутат 2025 жылғы 7 қарашадағы Үкімет қорытындысында түзетуге қарсы ұстаным нақты көрсетілгенін атап өтті. Соған қарамастан жұмыс тобы оны қабылдап жіберген.

Қожаназаров Аграрлық комитет бұл мәселені жан-жақты қарап, түзетуге байланысты елеулі алаңдаушылық білдіргенін айтты. Оның пікірінше, мемлекеттік экологиялық бақылаудың Кәсіпкерлік кодекстен шығарылып, Экологиялық кодекске ауыстырылуының өзі бизнеске арналған қорғаныс тетіктерін әлсіреткен. Ал енді прокуратураны ескертусіз тексеру құқығын енгізу жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін.

Депутат мұндай өзгеріс Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабына қайшы келетінін мәлімдеді. Себебі аталған бапта жоспардан тыс тексерулер тек прокуратураның санкциясы немесе хабарламасы арқылы жүргізілетіні көрсетілген. Оның айтуынша, бұл жерде қосарланған тәуекел туындап отыр: алдымен экологиялық бақылау Кәсіпкерлік кодекстегі жалпы кепілдіктерден шығарылды, енді мүлде ескерту тәртібін алып тастау ұсынылуда.

Қожаназаров мұндай норма құқықтық коллизия туындатып, бақылау-қадағалау саласындағы бірыңғай тәртіпті бұзатынын айтты. Сонымен қатар ол түзетудің жемқорлық тәуекелдерін күшейтуі мүмкін екенін де атап өтті.

Депутаттың пікірінше, ең алдымен фермерлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілері зардап шегуі ықтимал. Оның айтуынша, шаруашылық аумағында киіктің өлімі, шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары немесе көңді уақытында тазаламау сияқты кез келген жағдай жоспардан тыс тексеруге себеп болуы мүмкін. Мұндай мүмкіндікті жосықсыз адамдар мен псевдоблогерлер қысым көрсету немесе бопсалау құралы ретінде пайдалануы ықтимал екенін айтты.

Осыған байланысты Аграрлық комитет түзетуді қайта қарауды ұсынып отыр. Депутаттар жоспардан тыс экологиялық тексерулер прокуратураның міндетті санкциясымен немесе хабарламасымен ғана жүргізілуі керек деп есептейді. Қожаназаров бұл норма кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты конституциялық қағидаттарға толық сәйкес болуы тиіс екенін атап өтті.