Ескерткіштердің биіктігі емес, мазмұны маңызды - Ерлан Қарин

Қаракөз Амантай 02 қаз. 2024 09:31 2697

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында ономастикалық мәселелерді реттеу жұмыстарының басталғанын хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.

Ерлан Қариннің айтуынша, ономастика саласы қазіргі уақытта орталықтандырылып жатыр.

"Өңірлерге жауапкершілікті өз деңгейінде берген дұрыс болғанымен, кейбір идеологиялық мәселелерде жүйелілік қажет. Кейбір аймақтарда бұл саладағы жұмыстарды реттеу керек", - деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекеттік кеңесші жақында жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, 1991 жылға дейін және одан кейінгі жылдары елде орнатылған ескерткіштердің санын анықтағанын айтты.

1991 жылға дейін 70 жыл бойы совет үкіметі кезеңінде 331 ескерткіш орнатылса, тәуелсіздік жылдарында 1200-ден астам ескерткіш қойылған екен.

"Біз 30 жылда кеңес билігінің 70 жылда атқармаған жұмысын үш есе атқарып шықтық. Кеңес билігі кезінде ескерткіш орнатуға құмар болғанын менсіз де жақсы білесіздер. Ауыл-ауылда орнатты. Ал біз үш есе артық ескерткіш салғанбыз. Ара-қатынас қандай? Көп жерде белгілі бір белсенді азаматтардың ығына жығылады да, қалаған адамдарына орната береді.

Олардың пайдасына шешкеннен кейін басқа азаматтар "біздің аталарымыз ескерусіз қалды" деп шығады. Содан кейін әрине, ары қарай тоқтаусыз кете береді.

Мұның шегі болмайды. Өйткені бәрін қамту мүмкін емес. Бір жерде бес метрлік ескерткіш бой көтерсе, екінші жерде 8 метр қылып жарысады. Ескерткіштердің биіктігімен жарысар болсақ, жеткен жеріміз осы!? Біз не мақсатты көздеп отырмыз? Бабалардың өсиетін кейінгі ұрпаққа үлгі ету үшін бе, әлде мақтан ету үшін бе?" - дейді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ескерткіштерді орнату мәселелері идеологиялық, мазмұндық және эстетикалық тұрғыдан қатаң қаралып, реттелуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар