Ескелді ауданында салынғанын қырық жылға тақаған Мәдениет үйі жөнделуде

Dalanews 24 қаз. 2020 09:46 1033

36 жыл бұрын салынған мәдениет ордасының келбеті жаңаруда

Бүгінде Алматы облысы өркендеп, аймақ келбеті күн өткен сайын жаңарып жатыр. Бұл да мемлекеттің елді мекендердің көркейуіне көңіл бөлуінің айқын көрінісі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының игілігін Ескелді ауданының тұрғындары да көруде. Ауданда ұзын-саны 60 жоба қолға алынып, оның 45-сі пайдалануға берілген. Алда әлі 15 нысан қолданысқа беріледі деп күтілуде. Соның бірі Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйі.

Ғимараттың ірге тасы 1984 жылы қаланған. Содан бері күрделі жөндеуден алғашқы рет өтіп тұр.

Аумағы 4200 шаршы метрді құрайтын нысан екі қабаттан тұрады. Мәдениет ордасын қалыпқа келтіру ісі мамыр айының 18 жұлдызында басталған. Жауапты мердігер «ПСК Градцентр»ЖШС.

Құрылыс жұмыстарына барлығы 864 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде 95 азамат еңбекке тартылған. Оның 48-і жұмыспен қамту орталығы арқылы келген.

– Нысан айналасында арнайы демалыс орны да қарастырылған. Ол толығымен аяқталды. Қазіргі кезде төбесі 80%-ға жабылып, сыртқы абаттандыру 50%-ға орындалды. Жалпы алғанда 40% жұмыс өз мәресіне жетті, – дейді құрылысты басқарып жүрген Бауыржан Бекежанов.

Мәдениет үйі 400 орынға лайықталған. Айта кету керек, бұған дейін жобалау сыйымдылығы 575 орынды қамтыған еді. Алдағы таңда 15 үйірме ашылмақ. Сәйкесінше, штат саны артпақ. Шамамен еңбек етуші қызметкерлер 20-дан атам болады деп күтілуде. Жыл соңында аталған жоба қолданысқа беріледі дейді жауаптылар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар