Freedom Inside '26

Есімі елге белгілі футболшы ауруханада көз жұмды (ФОТО)

Есімі елге белгілі футболшы ауруханада көз жұмды (ФОТО)
ашық дереккөзден

«Елімай» клубының футболшысы әрі «Скаут» балалар командасының бапкері Илья Буртовой жол апатынан кейін ауруханада көз жұмды. Ол 29 жаста болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға Қарағанды облысында болған. Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 6 маусым күні Абай – Қарағанды тасжолында, Дубовка кентіне жақын маңда тіркелген.

Алдын ала дерек бойынша, Chevrolet Cobalt көлігін басқарған 21 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан көлік 44 жастағы азамат тізгіндеген Opel Vectra автокөлігімен соқтығысқан.

Апаттан Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен оның екі жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің бірі Илья Буртовой болған. Ол ауыр халде көпбейінді ауруханаға жатқызылғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Қарағанды облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері қатарында жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығу және рөлдегі жауапсыздық әлі де жиі кездесетінін ескертті.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға және жолда барынша сақ болуға шақырды.

Илья Буртовой футболдағы мансабын 2015 жылы «Шахтер-Болат» командасында бастаған. Кейін қарағандылық «Прогресс» сапында футзалдан өнер көрсетті. Сондай-ақ FC BIRLIK әуесқой клубында ойнап, командамен бірге шағын футболдан әлем чемпионатына қатысқан.

2025 жылы ол «Елімай» сапында Қазақстан Кубогы мен Бірінші лигада өнер көрсеткен еді.