Талғардағы атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесінде айыпталушы Азамат Тоқтаубаев "Қамажай" дүкені алдындағы жағдайды егжей-тегжейлі баяндады. Айтуынша, оқиға болған түні ол ешкімге қол көтермеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сотта прокурор Дана Сәрсенбай:
— Дүкеннің алдында сіздер келген кезде марқұм Шерзат Болаттың достары тұрды. Сол нақты келген үш бала өз тарапынан сіздерге соққы көрсетті ме? — деп сұрады.
Азамат Тоқтаубаев:
— Шерзаттың достары бізге қарсы келгенін білген жоқпын. Олар текетіреске келген секілді тұрды. Бірақ мен оларды басында Дархан Әскентайдың достары-інілері деп ойладым.
Прокурор:
— Солай ойласаңыздар, неге Махмұтты соқтыңыздар?
— Мен ешкімді ұрып-соққан жоқпын.
— Сол жерде сіз Шерзат Болат Нұрқиясты ұрды деп айттыңыз. Сол сәтте Шерзатқа кім соққы жасады?
— Ешкім жасаған жоқ.
— Онда Шерзат Болат неге келесі көшеге қарай қашты?
— Қашқанын байқамадым.
— Сіз ол сәтте қайда болдыңыз?
— "Қамажай" дүкенінің алдында болдым.
— Топтағы адамдар Шерзат Болаттың артынан не үшін кетті?
— Ол кезде мен Қаржаубай мырзамен сөйлесіп тұрдым. Олардың іс-әрекетін байқамадым. Видеоны қарасаңыздар, мен келген мерседес көлігіне қарай қашып кетемін.
— Сіз өзіңіз Шерзат Болат пен Нұрқанат Ғайыпбаевқа соққы жасадыңыз ба? Дүкеннің алдында немесе басқа жақта?
— Жоқ, мен ешкімге соққы жасамадым. Ол жерде азаматтарға күш қолданбадым, саусағымның ұшын да тигізбедім.
— Сіз көліктің жанына барып тұрдым дедіңіз. Соның айналысынан басқа адамдарды көрдіңіз бе?
— Көрген жоқпын. Себебі мен өзіме оқ тиіп кетпеді ме екен деп аяғымды шешіп, киімімді қарап тұрдым. Құлағым естімей қалды.
— Сіздермен бірге келген екі қыз сол кезде қайда болды?
— Байқамадым.
— Сол жерде Шерзат Болаттың анасын көрдіңіз бе?
— Жоқ, мен ол кезде кімнің анасы, кімнің әкесі екенін білмедім.