Алматыда “Павлин Мавлин” мейрамханасының әкімшісі қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан. Аталған оқиғаны видео авторы әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алина есімді видео авторының айтуынша, ол дәмхана әкімшілігінен қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұраған. Алайда әкімшілік олардың талабын орындамай, дөрекі жауап берген.
"Мен қазақша сөйлеп тұрмын, қазақша жауап беріңізші. Бұл Қазақстан, бәріміз қазақ тілін білуіміз керек емес пе? Сіз әкімшісіз. Демек сіз де қазақша білуіңіз керек. Қазақстан Республикасында қызметкерлер қазақ тілін білуге міндетті емес пе?", - дейді видео авторы.
Алайда әкімші “мен ешкімге ештеңе міндетті емеспін” деп дөрекі түрде жауап беген. Сонымен қатар видео авторына қоқан-лоқы көрсеткен.
“Сізді “қара тізімге” енгіземін. Енді бұл жерге аяқ баса алмайсыз”, - дейді әкімші.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің сынына ұшырады.
Аталған оқиғаға қатысты мейрамхана басшылығы жауап қатты. Олар бұл мәселе бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Павлин Мавлин” мейрамханасы Қазақстан Республикасының заңдарын және мемлекеттік тілді құрметтейді. Біз қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериал қосымша зерделеуді қажет етеді. Қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру аяқталғанға дейін біз егжей-тегжейлі түсініктеме беруден бас тартамыз. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады”, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Шымбұлақта орналасқан мейрамхананың әкімшісі қазақша қызмет көрсетуден бас тартып, халықтың ашуына тиген еді.
Оқиға тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасында болған. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушысы парақшасында жазған. Аталған жағдайға байланысты күні кеше ішкі тексеру аяқталып, мейрамхана әкімшісінің қызметінен босатылғаны белгілі болды.
