Ерте ме, кеш пе еліміз "Қазақ Республикасы" деп аталатын болады – Азат Перуашев

Dalanews 14 нау. 2023 07:12 1048

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Ақтау қаласындағы Алаш арысы Жалау Мыңбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Жалау Мыңбайұлының ерлігі туралы көп айтуға болады. Ол қырғыз автономиялық Республикасын атқарушы комитетінің басшысы ретінде автомиялық республикаға еліміздің «Қазақ Республикасы» деген төл атын қайтарды.

Біздің партиямыздың саяси бағдарламада дәл осындай талап бар. Біз оны ресми түрде 2019 жылы Парламент мінберінде ашық түрде айттық.

Біздің ойымызша тәуелсіз мемлекеттің аты жерге емес, елдің атына байланысты болу керек, яғни Қазақ Республикасы.


Ол кезде үкімет оны қолдамады, бірақ, біздің ойымызша ерте ме, кеш пе соған келеміз. Ол тарихи әділеттік деп санаймыз, – деді А.Перуашев жиналған қауым алдында.

Партия лидері, сонымен қатар, «Ақ жолдың» саяси бағдарламасын таныстырып, атқарған жұмыстар жайлы баяндады.

– Біз соңғы рет Парламентте 12-ақ депутат болдық, 107 депутаттың арасында. Дауыс берген кезде өте маңызды мәселелерде азшылықта қалсақ та, бастамаларымыз 10 жыл, кейде 7-8 жыл өткен соң да іске асып жатыр.

Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам қазақ халқына қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзі бар. Баршаңызға жеңіс тілеймін. Ақ жол»! – деді Азат Тұрлыбекұлы.

Жиын барысында сөз алған партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса «Ақ жолдың» өзгелерден ерекшелігін атап өтті.

– Қасиетті Маңғыстау өлкесіне Пір Бекет бастаған 362 әулиенің  еліне, Үшқияның жеріне табанымыз тиіп тұр.

Қарт Каспидің жағасында ер Жалаудың ескерткішіне тағзым еттік. «Ақ жол» партиясының басқа партиялардан, басқа қоғамдық ұйымдардан айрықша ерекшелігі ұлттық мүддені қорғайтын «Алаш» идеясын ту етіп ұстап, ұлттық идея ретінде ұстап ұлттық мүддемізді қорғап келе жатқан партия екенін білесіздер.

Ұлттық идеологияны ту етіп ұстаған партия болғандықтан, биыл сайлаудың жорығын Алтын Орданың атасы, қазақ хандарының бабасы Жошы ханнан, қасиетті Ұлытаудан бастадық. Енді мына қасиетті Маңғыстау еліне де табанымыз тиді, – деп өрбітті сөзі ол.


Одан кейін штаб мүшелері Қамқор-Машзавод кәсіпорнының жұмысымен танысып, еңбек ұжымымер кездесті.

Зауыт жұмысшылары шетелге шығарылған қаржыны елге қайтару, несие пайыздарының жоғарылығы, қолжетімді баспана секілді көптеген мәселелер бойынша көкейдегі сауалдарын қойды.

Азат Перуашев жұмысшылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, партияның аталған бағыттарда атқарған қыруар жұмыстарынан нақты мысалдар келтірді.

Республикалық штаб мүшелері жиналғандарды наурыздың 19-күні сайлау учаскелеріне келіп, «Ақ жол» кандидаттарын қолдауға шақырды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар