Ермекбаев «діні бар да, ұлты жоқтармен» күресті күшейтпек

Dalanews 21 шіл. 2017 06:56 1013

Жуырда Атырау қаласында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қатысқан өңірлік семинар өтті. Басқосуға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен қатар, өңірдегі имамдар, діни қызметкерлер және БАҚ өкілдері қатысып, еліміздегі діни ахуалды реттеуге арналған жаңа заң жобасы талқыланды.

Министр мырза әуелі елімізде ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отырған экстремизм мен терроризм мәселелері туралы баяндап, халыққа діни сауаттылық жұмыстарын үйелі жүргізудің маңыздылығы жөнінде ойымен бөлісті. Соңғы жылдары елімізде ұлттық дәстүр мен діни қағидаларды бір-біріне қарсы қою үрдісі белең алып бара жатқанына қынжылған министр, діни радикализмнің өршімеуін қадағалау үшін отбасылық тәрбиенің маңызы зор екеніне тоқталды.

«Ата-ана тәрбиесі, отбасылық құндылық шайқалған қоғамның берекесі қашады. Біз өз жауапкершілігімізді ұмытпауға тиіспіз. Ата-ананың баласы алдындағы, баланың ата-ана алдындағы парыз-міндеті – үлкенге құрмет, кішіге ізет. Қазақ халқы мұны жақсы түсінген» деген министр жат ағымның жетегінде кеткен жастарды қоғам болып ортаға тарту керек деп ойлайды.

[caption id="attachment_30159" align="alignleft" width="451"] Атырау облысында діни семинар өтті[/caption]

«Қыздардың беттерін тұмшалап қара көйлек киюі ұлтымыздың дәстүріне жат. Бұл біздің сана-сезімімізге де, заманауи дамыған елдің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына да сәйкес келмейді. Бұл Таяу Шығыс елдерінің сол аймақтың ауа-райы мен тұрғындарының мәдени-тарихи әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрінен туындаған әйелдердің дәстүрлі киімі. Бізге өз мәдени-салтымызға жараспайтын киімнің керегі жоқ», - деп атап өтті министр.

Министр қара киіммен тұмшалану, жүзін елден жасыру – біздің ұғым-түсінігімізге де,  салтымызға да сыйымсыз. Ежелгі қазақтың қыз-келіншектері ешқашан бұлай тұмшаланбаған. Имандылық киіммен емес, иманмен, ізгі амалмен өлшенеді.

«Нағыз мұсылман киген киімінен не сақал қоюымен емес, жүрегіндегі ішкі жан дүниесімен танылады. Теке сақал мен қара киімдер – ол үлкен проблеманың бір ғана бөлігі. Бұл жерде біз дәстүрлі сақал қою үрдісін айтып тұрған оқпыз. Дінге беріктік сақал мен киімге байланысты емес», - деді Ермекбаев.

«Өзіңді өсірген, медицина және баспанамен қамтамасыз еткен, сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғаған мемлекеттің қағидаттарымен келіспеушілігіңді ашық түрде көрсету қайырымсыздықтың ең жоғары сатысы деп есептеймін. Ал қайырымсыздық барлық діндерде үлкен күнә» екенін ескерте келіп. «Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ. Теке сақал, қырма мұрт, елдің түбіне сол жетер» деп, ғұлама Мәшһұр Жүсіптің ойымен сөзін түйіндеген министр имамдар мен діни қызметкерлерді жастармен әлеуметтік желі арқылы жұмыс асауға үндеді. Алдағы уақытта діни ағартушылық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің кешенді бағдарламасын да жасайтыны айтылды.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар