Ермек Көшербаев басшылар аяқ баспаған шекара маңындағы Шанағатты ауылының тұрғындарымен кездесті

Жарбол Кентұлы 05 ақп. 2025 19:51 198

Бүгін ШҚО әкімі Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен Марқакөл ауданына барып, ең шалғай әрі шекаралас орналасқан Шанағатты ауылында болды. Бір айта кетерлігі, бұған дейін мұнда бірде-бір облыс әкімі немесе басқарма басшысы болмаған, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ермек Көшербаев ауыл тұрғындарымен кездесіп, өзекті тақырыптарды талқылады.

Ең алдымен сумен, интернетпен қамтамасыз ету және жолдарды жөндеу мәселелері қозғалды. Облыс басшысы су мәселесін жаздың ортасына дейін шешуді тапсырды. Құжаттарды дайындауға екі айға жуық уақыт керек.

Ал жол мәселесіне келсек, Марқакөл мен Шанағатты арасындағы 25 шақырым тасжолды жөндеуге 300 миллион бөлу қажет. Бұл мәселені жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары қарастырады.

Сонымен қатар облыс әкімі ауылға медициналық пункт салуды тапсырды. Ал тұрғындар жедел жәрдем көлігін сатып алу керектігін жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде ауылды дамыту үшін тұрғындарға жер телімдерін беру қажет. Биыл Марқакөл ауданында 12 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Тұрғындарға жерді игеруге арналған даму перспективалары мен жүзеге асыруға болатын жобаларды түсіндіру қажет. Жұмыс күші тапшы аумаққа оңтүстіктен қоныс аударушыларды әкелуге болады.

Аймақ басшысы халықтың басқа елді мекенге көшуіне жол бермеу мақсатында Шанағатты ауылында азаматтардың бос уақытын тиімді өткізу үшін комьюнити орталығын құруды тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар