Алматы әкімі Ерболат Досаев ҚХР-ға жұмыс сапары аясында Бейжің мэрі Инь Юнмен кездесті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Келіссөздердің басты тақырыптары — экология, көлік жүйесін дамыту және жайлы қалалық орта қалыптастыру.
Инь Юннің айтуынша, соңғы 20 жылда Бейжің зиянды шығарындыларды айтарлықтай төмендетті. Бұл ойластырылған экологиялық саясаттың, ғылыми әдістердің және технологиялық инновациялардың жемісі. Қала экологиялық көлікті дамытып, экологиялық талаптарға сай келмейтін автокөліктердің қозғалысын шектеп, қалалық инфрақұрылымды жаңғырту шараларын жүзеге асырды.
Өз кезегінде Ерболат Досаев Алматыда экологияны жақсарту бойынша бірқатар бастама жүзеге асырылып жатқанын атады. Олардың қатарында жаңартылған Бас жоспар, қоғамдық көлікті дамыту және қала орталығындағы құрылыстың тығыздығын төмендету бар.
Тараптар ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты, бұл Қазақстан мен Қытайдың ең ірі екі қаласының экономикалық өсуіне және тұрақты дамуына ықпал етпек.