Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы қалай? Ата-анасы ұлының суретін жариялады

Қаракөз Амантай 14 ақп. 2025 11:24 2239

Әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарбаздың ата-анасы Instagram желісінде ұлының суретін жариялады.

“Егер мүмкіндігіңіз болса, бүгін түнде Ербаянның сауығып, аяққа тұруын тілеп қойыңызшы. Суретте – Ербаянның қазіргі жағдайы. Шүкір”, – делінген жазбада.

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар алған жарақатына байланысты комаға түскен еді.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі сарбаздың денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған болатын. 

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған.

Аталған оқиғадан соң Ербаян Мұхтар Ыстанбұлға жол тартты. Мұнда оған сәтті ота жасалды. 

Ал жақында құқық қорғаушы және заңгер Инга Иманбай Ербаян Мұхтарға қатысты қылмыстық іс пен сотқа қатысты сауалдарға жауап берген болатын.

"Дәл қазір біз Алматы қаласындағы әскери-тергеу басқармасының алдында тұрмыз. Мен жаңа ғана Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге жолығып шықтым. Осы тұста анықтап айта кеткім келетіні – сот әлі болған жоқ. Ербаянның ісі тергеу сатысында.

Дәл қазір Ербаянның жағдайына байланысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол әскерде болған жағдайға байланысты және ауруханадағы дәрігерлердің әрекетіне байланысты. Кейбір сараптамалардың қорытындысы шыққан. Кей сараптама жаңадан тағайындалды. Сондықтан дәл қазір сот қашан болатынын айтқан жоқ. Міндетті түрде тергеу барысында соттың қашан болатыны анықталған кезде хабар беремін", деді Инга Иманбай. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар