Е.Қарин: «Жалғыз адамның шабуылы ұйымдасқан топтан да қауiптi»

Е.Қарин: «Жалғыз адамның шабуылы ұйымдасқан топтан да қауiптi»
Қоғамда жалғыз адамның шабуылы ұйымдасқан топтың әрекетiнен де қауiптi. Бұл туралы ҚР Президентi жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин ОКҚ брифингi барысында мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

– Кейбiреулер әлеуметтiк желiлерде «бiр адамға тосқауыл қоюға болмады ма?» деп жазып жатыр. Бiз ұйымдасқан топ қауiптi, жалғыз адам қауiп төндірмейді деп айта алмаймыз. Керiсiнше, бiр адамның немесе шағын топтың іс-әрекетiнiң алдын алу әлдеқайда қиын болады. Себебi, олар еш нәрсені жоспарламайды, қару-жарақ дайындамайды. Сондықтан, күш құрылымдарына жедел арналар арқылы ақпаратты алдын ала алу қиынға түседi. Соңғы уақытта шағын топтар мен жеке қылмыскерлердiң шабуылы ұйымдасқан топтардың әрекетiнен әлдеқайда қауіпті екенін көріп жүрміз, – дедi Е.Қарин.

Саясаттанушы Францияның Ницце қаласында, АҚШ-тың Орландо штатында болған оқиғаларды мысал ретiнде келтiрдi. Бұл лаңкестiк актілерде бiр, көп болса, екi-үш адам ғана әрекет еткен.

Естерiңiзге сала кетсек, кеше Алматыдағы атыс кезінде 3 полицей, 1 шекарашы және 1 тұрғын қаза тапты, 6 полицей мен 3 тұрғын жарақат алды.