ЕО күзде Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтуді жоспарлап отыр

ЕО күзде Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтуді жоспарлап отыр
pixabay.com

Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялық қысымды күзде айтарлықтай күшейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Германияның Die Welt газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. 

Каллас жаңа шектеулер пакеті Украинадағы соғыс басталғаннан бері енгізілген санкциялардың ішіндегі ең ауқымдысы болатынын айтты. Оның сөзінше, жаңа шаралар қабылданған жағдайда санкцияға іліккен ресейлік жеке тұлғалар, компаниялар мен ұйымдардың жалпы саны шамамен үштен бірге артады. 

ЕО-ның жоғары өкілі санкциялар Ресейге айтарлықтай экономикалық шығын келтіргенін атап өтті. Оның бағалауынша, қолданыстағы шектеулер Ресейдің соғыс қимылдарын қаржыландыру мүмкіндігіне 1 трлн еуродан астам көлемде әсер еткен.

Каллас жаңа пакет Ресей Украинадағы соғысты тоқтатқанға дейін Мәскеуге қысымды күшейту қажеттігімен байланысты екенін айтты. Алайда ол жаңа санкциялардың нақты тізімі мен енгізілу мерзімін егжей-тегжейлі жариялаған жоқ. 

Еуропалық одақ шілдеде Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакетін қабылдаған. Оның аясында жүзден астам банк пен криптооператорға, Ресейдің «көлеңкелі флотының» 40-тан астам кемесіне, сондай-ақ энергетика және әскери-өнеркәсіп салаларындағы бірқатар нысандарға шектеулер енгізілді.