Белгілі кәсіпкер, Lanzhou мейрамхана желісінің негізін салушы Гүлбану Майғарина әлеуметтік желіде бизнестегі ұрлық пен қысым мәселесін көтеріп, бұдан былай бұл тақырыпта үнсіз қалмайтынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, қоғамда көбіне мемлекеттік сектордағы жемқорлық жиі талқыланады. Алайда жеке бизнестегі ұрлықтың ауқымы көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Оның сөзінше, талай жоба дағдарыстан емес, ішкі "схемалар" мен әділетсіз әрекеттердің кесірінен тоқтап жатыр. Ең қиыны – ұрлық болғанын дәлелдеу.
Гүлбану Майғарина бұрын мұндай жағдайларға көз жұма қарағанын жасырмады.
"Бұрын "жарайды, тағы табармын" деп, жанжалдан қашып, үнсіз қалатынмын. Бірақ үнсіздік жазасыздықты күшейтеді екен", – деді ол.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер үндемеген сайын мұндай әрекеттер қалыпты құбылысқа айналып, жауапкершілік сезімі жоғалады. Соның салдарынан ұрлықтың ауқымы ұлғайып, ашкөздік артады.
Кәсіпкер заңға жүгінген кезде жағдай одан сайын қиындай түсетінін де атап өтті. Оның сөзінше, арыз жазған кәсіпкердің өзі бірден күдікке ілігіп, түрлі тексеріс пен қысымға тап болуы мүмкін. Кейде жүйе кәсіпкерді қорғаудың орнына, оған қарсы жұмыс істейтіндей әсер қалдырады.
Кәсіпкер Талдықорғанда өз компаниясына қатысты ұрлық фактісін анықтап, дәлелдегенін жеткізді. Алайда іс "қылмыс құрамы жоқ" деген негізбен жабылған.
"Заң жолымен жүруге бел буғанда, кәсіпкерлердің неге жылдар бойы шыдайтынын түсіндім. Өйткені дәл сол кезде нағыз қиындық басталады. Бірақ соған қарамастан, мен сөзімнің бәрін құжатпен дәлелдеймін. Және бұл істі соңына дейін жеткіземін", – деді ол.
Гүлбану Майғарина бизнесте ұрлыққа тап болған жандарды үнсіз қалмауға шақырып, бұл мәселені ашық көтерудің уақыты келгенін атап өтті.
