Енді Ұлыбританияға жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың құқығы қорғалады

Қаракөз Амантай 12 ақп. 2025 11:35 1143

Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы күрес жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжат Лондонда өткен “Қазақстан – Ұлыбритания” стратегиялық диалогы аясында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбританияның еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы іс-қимыл қызметі арасында жасалды.

Меморандумға Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа, Солтүстік Америка және шет елдер істері жөніндегі мемлекеттік министрі Стивен Даути қол қойды.

Меморандум аясындағы негізгі келісімдер:

• Ұлыбритания аумағында қазақстандық азаматтарды уақытша жұмысқа орналастыру шарттары мен рәсімдері бойынша ақпарат алмасу;

• Қазақстаннан Ұлыбританияға еңбек мигранттарын жіберетін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін бақылау және қабылдаушы елдің заңнамасына сәйкестігін тексеру;

• Қазақстан азаматтарының Ұлыбритания аумағында еңбек және әлеуметтік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, оның ішінде Tier-5 маусымдық жұмыс визасы (Seasonal Worker Visa) аясында заңды қорғау шараларын күшейту;

• Қажетті кәсіптік даярлық және сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар туралы өзара ақпарат алмасу.

Бұл меморандум Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар