Қазақстанда жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі қазіргі ҰБТ-ның орнына халықаралық стандартқа негізделген жаңа тест енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы министр Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz inbusiness-ке сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше, жаңа емтихан SAT форматына жақын болады және оны шетелдегі беделді университеттер қабылдай алады. Қазір Қазақстанның ҰБТ сертификатын ешбір шетелдік жоғары оқу орны мойындамайды. Сондықтан шетелде білім алуды жоспарлаған түлектер үшін жаңа жүйе қажет болып отыр.
Саясат Нұрбек ата-аналар мен мектеп бітірушілерге алаңдамауға кеңес берді. Жаңартылған тестті дайындау және оған толық көшу процесі кем дегенде екі жыл уақыт алады. Демек, реформа жақын жылдарда мектеп бітіретін түлектерге әсер етпейді. Өзгерістер ең ерте дегенде бүгінгі төменгі сынып оқушыларына қатысты болуы ықтимал.
Министрлік осы мақсатта бес жылдық реформа жоспарын әзірлеп жатыр.
Жаңа жүйені қазақстандық мамандар дайындайды. Ол үшін отандық тестологтар АҚШ-тағы ETS компаниясында оқудан өтіп, сертификат алады. Алғашқы қазақстандық маман бүгінде Принстон қаласындағы кампуста дайындалып жатыр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа тест халықаралық талаптарға толық сәйкестендіріліп, оны тапсырған түлектер кез келген шетелдік университетке құжат тапсыра алады.
ҰБТ уақытша қолданыста болады
Жаңа жүйе толық іске қосылғанға дейін ҰБТ қолданыста болады. Министрдің сөзінше, ҰБТ жаңа формат толық күшіне енгенге дейін қатар қолданылады.
Жаңа тест мазмұны, құрылымы және қабылдау тәртібі жөніндегі нақты мәлімет әзірге жарияланған жоқ.
