Енді той жасамаспын...

Dalanews 22 там. 2017 04:36 1549

Баяғыда той ағайын арасын жақындатын маңызды шара еді. Қазір керісінше туған-туысқан арасында бақталастықты қоздырушы, ағайын арасына іріткі салатын жағымсыз дүниеге айналған. Той байдың малын шашатын, кедейдің артын ашатын сұрықсыз дүниеге айналғаны қашан?..  Таяуда жақын араласып жүрген досымыз екі баласын сүндетке отырғызып, туған жері Түркістанда сүндет той жасады. Тойдың қалай өткенін, "сүндет тойға неге шақырмадың?" деп қалжыңдап тиіскен болып, әңгімеге тарттық.



 Тойға қалай дайындалдық

Досымыздың той тойлап, арқа-жарқа болған кейпін байқамадық. "Енді той жасамаспын" деді үлкен күйінішпен ол.

— Сол тойды апама жасамай-ақ қоялық деп айтып көндіре алмадым. "Көзіміздің тірісінде қуаныштарыңды көрейін" деген соң амалсыз көнген едім. Екі балам мен ағамның кенже баласын осыдан ауылға апарып сүндеттегенімді білесің. Содан апам той жасауға бәрімізді көндірді, — деді досым.

— Той күні жақындағанда Түркістанды бетке алдық. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" деп бекер айтпаған ғой. Бір қолымызды екі ете алмай қатты қиналдық.

[caption id="attachment_29625" align="alignleft" width="374"] Ескерту! Мақалаға қолданған фотоның бұл оқиғаға қатысы жоқ.[/caption]

Той болатын күні жеңгемді қасыма шақырып, құдалардың аты-жөнін тізіп жазып алдым. Келіншегіме өз жағынан келетін қонақтардың тізімін бер деп едім, ол тізімді шешесі әкелетінін айтып, менің сөзіме әдеттегідей мән берген жоқ. Бұдан кейін тағы да бірнеше рет "тізім" мәселесін қайталап айтқаныммен тізім қолыма тиген жоқ. Келіншегім "шешем тізімді тойға жазып әкеледі" деген соң, қазымырланып сұрай бергенді жөн санамадым.

Содан кеш батып, шақырылған қонақтар даңғарадай мейрамханаға жиналып, той да басталды. Асаба жаттанды, талай тойда айтқан әңгімесі мен анекдоттарын айтып жатыр. Біздің әулеттің атына да қошамет-мақтау сөзін аяған жоқ. Талай тойға қатысып, құлағымыз жауыр болған сөздерді естігенде сыртқа қашып шыққым келді. Бірақ өзегімді жарып шыққан қос перзентімнің алғашқы қуанышы болғандықтан амалсыз шыдадым.

 

Енді кеш...

Тойдың таусылмайтын тірлігімен жүріп, түнеу күні жеңешем екеуміз жазған үлкен құдалардың тізімі жазылған қағаз үйде қалып кеткенін той басталғанда бірақ білдім. Қайтып барып алып келуге, енді кеш. Ал енем жазып келген тізімді келіншегім, маған айтпастан асабаның қолына ұстата салыпты. Онысын маған ескертпеген (әдеттегідей).

Асаба жарық дүниенің жақсы сөздерін жинап, теріп айтып, ата-анама сөз берді. Әкем мен анам осы қуанышқа жеткізген Аллаға шүкіршілік айтып, жүректерін жарып шыққан тілектерін айтты. Сол кезде ғана ата-анамның бойындағы қуаныш менің бойыма ауысқандай болды.

Немерелерін сүндеттеп, мұсылмандық парызын өтеудің қаншалықты маңызды екенін там-тұмдап түсінгендей болдым.
Бірақ "осындай отбасылық қуанышты... өз арамызда бөлісу үшін алашапқын болып, той жасаудың не қажеті бар" деген ой жеңістік бермегенін жасырып қайтейтін.

 

Әттең-ай, әттең...

Сонымен қойшы, ата-анам сөйлеп, ән мен биден кейін сөздің кезегі құдаларға келді. Қазақтың салты, қалыптасқан жөн-жоба бойынша ағамның қайын жұрты, яғни, үлкен құдалар сөйлеуі тиіс еді. Бірақ асаба енем жазып келген тізімді шұбартып оқи жөнелгенде өзімнің жазық жерде сүрінгенімді білдім. Ескі құдалардың алдында үлкен қателік жібергенімізді сезіп ішім қылп ете қалды.

Амал не? Асабаның аузын жауып, қолындағы микрафонды алып қоюға енді кеш. Тойға жиналған қалың елдің арасынан асабаға барам дегенше аты аталған қайын жұртым орындарынан тұрып асабаның жанына жиналып үлгерген еді. Бәрі кеш. Осы бір оғаш қылықты... (бұл енді кешірілмес қателік) ескі құдаларымыздың қалай қабылдағанын білу үшін тойхананың төрінде отырған үлкен құдалар жаққа көз салдым.
Иә, бұдан басқа қалай болушы еді... Үлкен құданың қабағы салыңқы. Тойға емес, төбелесуге келген адамға ұқсап кетіпті. Содан қайын жұртым ақ тілектерін ақтарып, жиендеріне жүрек түкпірін жарып шыққан тілектерін  айтты. Бірақ олардың не дегенін қабылдайтын жағдайда емес едім. Әйтеуір ыржиып, ықыластарына ықылас танытқан болдым.

Кезек ескі құдаларға келді. Асаба төпелетіп мақтау сөздерін айтып, үлкен құда бастаған делегацияны ортаға шақырды. Ескі құдалардың біразы орындарынан тұрып, ортаға беттегенімен, енді бір тобы орнынан міз бақпай отырған бас құданың "грозный" түрін байқап тосылып қалғанын байқадым.

Асаба бірнеше рет бас құданы шақырғанымен ол кісі орнынан қозғалған жоқ. Содан асабаның жанына барып, микрофонды жұлып алып қалың "публиканың" алдында өзімнің қандай қателік жібергенімді айтып, үлкен құданың алдында басымды иіп, кешірім сұрауыма тура келді.

Ата-анам да ойламаған жерден қателік кеткенін айтып, құдаларының өкпесін жазуға барын салды.

Ең соңында бұл іске құдағи араласқаннан кейін ғана үлкен құданың беті бері қараған болды. Бірақ мұндай сорақы тірлікке... қалай көне салсын, түсін бермей ортаға шығып, сол ренішті жүзін бұзбай тілек айтқан болды.
Тілектен кейінгі биге үлкен құданың шашбауын көтеріп келген делегация мұндай өкпенің біраз уақыт өткенше тарқамайтынын білдіріп, "протест" ретінде биге жасы да, кәрісі де шықпай қойды. Осылай той жасаймыз деп үлкен құдамның әппақ көңіліне дақ түсіріп алғаныма қатты қапаландым.

 

15 метр жерге 15 мың теңге алады

Содан сүндеттелген үш баланы мейрамханаға алып кіру рәсімі басталып кетті.

Апам екі ат пен бір тақты жалдап қойған екен. Сүндеттелген баланың шашбауын көтеруге дағдыланған той агенттігінен келген бала жалаңдап тұр.  Ағаштан жасалған әдемі таққа отырғызып сүндеттелген баланың біреуін 15 метр жерге көтеріп апарғаны үшін 15 мың теңге (әр метрі мың теңге) алатынын естігінде шалқамнан түсе жаздадым. Алматыдағы әжептәуір кәсібімді тастап, сүндеттелген балалардың шашбауын көтеретін шабарман болғым келіп кетті.

Бірақ тез ес жиып, оңай жолмен ақша табуға дағдыланған шабарманның бетін қайтардым. "Екі балам бір атқа мінгеседі. Ағамның баласы өзі бір атқа мінеді", — деп кесіп айттым.

Содан есік пен төрдей ер-тұрманы келіскен үлкен бесті атқа екі балам еркін отырсын (бұдан басқа бөтен ойым болған жоқ) деген оймен екеуін мінгестірдім.

Ал үстіне тоқым тартылған шағындау құнанға ағамның баласын қолтығынан көтеріп, отырғызып, қос атты жетектеп ішке беттедім.

Тойға жиналған жұрт қол соғып, қиқулап жатыр. Асаба да еліріп алған, микрофонды жеп қоярдай болып, мақтау сөзін үсті-үстіне төпелеуде. Тойшыл қауым мен дүңкілдеген музыкадан қос ат үркіп, сүндеттелген балаларды жығып кетпесе екен деп ішімнен уайымдап келемін.

Өткенде интернеттен сүндеттелген бір баланы ата-анасы мейрамханаға атпен алып кіргенде, аты тулап, баланы тулақ секілді бір бұрышқа лақтырып жібергенін көргенмін.

Бірақ талай тойға қатысқан Түркістанның қос аты ақылды екен. Айналасындағы елірген жұртты елең қылмастан қызыл алашаны алшаңдай басып, төрге барып бірақ тоқтады. Дереу балаларды аттан түсіріп орындарына жайғастырдым. Сол кезде ақша үнемдеймін деп тағы да ағаттыққа бой алдырғанымды білмедім.
Той тарқап, ертесі арқамыздан ауыр жүк түскен соң, арқа-жарқа болып шәй ішіп отырғанда жеңгем: "Менің баламды құйрық жалы келіспеген құнанға мінгізіп, өзіңнің екі балаңды оқтаудай жараған бесті атқа мінгіздің", — деп өкпе-ренішін айтқанда не жыларымды, не күлерімді білмей дал болдым.

– Егер сүндет той ағайын, жекжат арасында осындай өкпе-реніш туғызатынын білгенде тойды жасатпас едім. Амал не? Бәріне іштей көндігуге тура келді. Содан ойлана келе "енді той жасамаспын" деген байламға келдім, –  деген досымыздың әңгімесінен қазіргі аста-төк той қазақтың мінезін бұзып, ағайын арасына сына қағып жатқанына көзіміз жете түсті.
Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қазақтар той жасап, өкпешіл, дарақы, дүниенің қадірін білмейтін жұртқа айналып бара жатқанын анық аңғарғандай болдық. Бізге мұндай той қажет пе?                

 

Ескерту! Мақалаға қолданған фотоның бұл оқиғаға қатысы жоқ. 

 

Нұрлан ЖҰМАХАН  

 

 

https://dalanews.kz/8148

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар