Зауытбек Тұрысбеков қалай қателесті?

Dalanews 22 там. 2017 04:20 2034

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы үлкен даудың табалдырығында тұрған секілді. Күні кеше ғана Ботагөз Уатқан есімді әлеуметтік желі пайдаланушысы қауымдастықтың Алматыдан Астанаға көшуіне байланысты, ұйымның жаңа басшылығы тарапынан орыс тілінде ескерту хат алғанын жазыпты. Хаттың ұзын-ырғасы төмендегідей.





«23 жыл бойы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында еңбек еттім. Қырыққа жуық елдерде тұратын қазақ диаспорасының мыңдаған өкілдерімен танысып, біраз елдерді аралап көрдім.

Еңбегім де бағаланды. Марқұм Қалекеңнің, Талғат Асылұлының көптеген жақсылықтарын көрдім, ағаларыма алғысым шексіз! Арманым жоқ. Қауымдастықтың Алматыдан Астана қаласына көшуіне орай ол жаққа барудан бас тарттым. Мен ғана емес, қауымдастықтың 98 пайыз қызметкерлері солай жасады.

Қауымдастықтың бүгінгі басшылығынан орыс тіліндегі жіберген уведомлениесіне заң бойынша орысша жауап бердік.

Шетелдегі ағайындар мен елге оралып жатқан қандастарымызға əлі де болса тегін ақыл кеңес беруге əзірмін. Барлық қазақ менің жалғызым!

Ұлтымыздың бірлігі, жеріміздің сатылмауы, жалға берілмеуімен тіліміз үшін еңбектенемін!», – дейді Ботагөз Уатқан.
Иә, қауымдастықтың біраз жұмыс атқарғанын білеміз. Бірақ соңғы кездері қауымдастықтың экс-төрағасы Талғат Мамашевтың бірнеше оралманмен жүз шайысып, дауласқанын да білеміз. Соңғы уақыттары қауымдастық шетелдегі қазақтардың мүддесін қорғауда әлжуаздық танытқаны жасырын емес. Шетелді қойып, елге келген оралмандардың мүддесін қоғауда қауымдастық қауқарсыздық танытты.

Сондықтан Ботагөз Уатқан айтқандай, Талғат Мамашев кезінде қауымдастық тиімді жұмыс істеді деп айта алмаймыз.

Қауымдастықтың жұмысының қожырауы Талғат Мамашевтың қоғамдық ортада саяси салмағының кемуі, билікке батыл талап қоя алмауы себеп болғаны жасырын емес.
Ал қауымдастық басшысы болып жаңадан тағайындалған Зауытбек Тұрысбековтың еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әжептәуір беделі бар азамат екенін білеміз. Бұған дейін министр, әкім, елші болып, үлкен лауазымды қызметтерді атқарған Зауытбек Тұрысбеков осы қызметке қызығушылық танытып, ықыласын салып жұмыс істесе, біраз мәселені шешетіндей саяси салмағы бар.

Бірақ қауымдастықтың қызметкерлеріне орыс тілінде хат жібергенін қазақы орта қолдамайды. Әрине, бұл үлкен қателік. Таза қазақтың мәселесімен айналысатын ұйымның жұмысында қай уақытта болса да қазақ тілі үстем тұруы керек. Сондықтан мұны Тұрысбековтың қол астындағы қызметкерлердің жіберген қателігі деп қабылдаймыз. Олай деп байлам жасайық десек, хаттың соңында Зауытбек Тұрысбековтың қолы тұр.

Егер бұл жағдайды дер кезінде түземесе, Зауытбек мырзаның басы біраз дауға қалу мүмкін.

Нұрлан ЖҰМАХАН    

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар