Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл “Мемлекеттік сатып алу туралы” жаңа Заңның алғашқы нәтижелерімен таныстырып, енді конкурс жеңімпазы небәрі 5 күнде ішінде анықталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құжат нормаларына сәйкес, әлеуетті жеткізушілердің жауапкершілігі күшейтілді. Бұдан былай жемқорлық үшін сотталған, жалақы бойынша қарыздары бар әлеуетті жеткізушілер конкурсқа қатыса алмайды.
Жаңа заң сатып алу рәсімдерінің мерзімдерін қысқартуды көздейді. Бұған дейін мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалардың бірі рәсімдердің ұзаққа созылуы болған еді. Конкурсты өткізу мерзімі кем дегенде екі айды құраған. Осыған орай, Заңды жүзеге асыру шеңберінде рәсімдердің мерзімдері қайта қаралды.
“1 қаңтарға дейін ашық конкурс 60 күнге дейін созылса, қазір ол 10 күнге дейін қысқартылды. Рейтингтік-балдық жүйе арқылы әлеуетті жеткізушілер адамның араласуынсыз, тек ақпараттық деректер негізінде анықталады. Бұл жүйеде конкурс жеңімпазы 5 күннің ішінде белгілі болады. Аукцион жүйесінің де мерзімі 60 күннен 10 күнге дейін қысқарды. Ал бағаларды ұсыну конкурсы осыған дейін 5 күн жүргізілсе, қазір бұл мерзім 2-ақ күнді құрайды”, — деді Дәурен Кеңбейіл.
Сонымен бірге ол шағымдарды қарау мерзімі де едәуір қысқарғанын жеткізді.
“Келесі жаңашылдықтар – автоматтандыру технологияларын кеңінен қолдану. Біз рейтингтік балл жүйесін кеңінен қолданып, оны жетілдіріп жатырмыз және маңызды жаңашылдықтардың бірі – ол шағымдану процесін қайта қарадық. 1 қаңтардан бастап шағымдану процесі өзгерді. Бұған дейін шағымдар біздің жергілікті аудит органдарына келетін болса, қазір шағымдар конкурсты жариялаған тапсырыс берушіге келіп түседі. Екіншіден, шағымды қарау мерзімдері мейлінше қысқартылды", – деді спикер.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, 30%-ға дейінгі артықшылықтар беріліп, айыппұл мөлшерін азайту мүмкіндігі қарастырылып отыр.