Енді ЖЗҚ-дан ерікті зейнетақы жарналар есебінен қалыптасқан жинақтарды алу үшін өтініш толтырып жатудың қажеті жоқ, зейнет жасқа жеткенде ол автоматты түрде өздігінен есептелетін болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидаларын және оның үлгілік нысанын бекіту туралы" 2023 жылғы 26 мамырдағы № 27 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" агенттік Басқармасы қаулысының жобасын әзірледі.
"Жобада ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақымен қамсыздандыру шартының үлгілік нысанына, оның ішінде "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-тан (БЖЗҚ) төлемдер тәртібіне қатысты бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтарын алу үшін жүгінбеген азаматтар үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін автоматты (өтінішсіз) тәртіппен жүзеге асыру жоспарланып отыр", делінген құжатта.
Осы тетікті іске асыру ЕЗЖ бойынша талап етілмеген зейнетақы жинақтарының алдын алып, зейнетақы төлемдерінің барлық түріне бірдей көзқарасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін ел азаматтарының БЖЗҚ-дағы жинағын ем-домға жиі пайдалана бастағанын жазғанбыз.