Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ел бюджетіндегі спортқа бөлінетін қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына байланысты маңызды өзгерістерді мәлімдеді. Оның айтуынша, енді шетелдік спортшылар мемлекеттік қаржыдан айлық, бонус немесе трансфер түрінде қаражат ала алмайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қазақстан Республикасының азаматы емес спортшыларға бюджеттен ақша бөлінбейді. Сондай-ақ “Самұрық-Қазына” секілді квазимемлекеттік компаниялардың қаражатынан да шетел азаматтарына қаржы беруге тыйым салынды”, — деді депутат.
Сәрсенғалиев бұған дейін ақылға қонымсыз 180-нен астам спорт түрі тізімге енгізілгенін атап өтті.
“Тіпті оның қатарында “спорттық балғалау” секілді спорт түрі де болды. Соны біз үш есеге қысқарттық. Осылайша біз “жоғары жетістіктер спорты” деген арнайы түсінік енгіздік. Енді мемлекеттен қаржыландыру тек Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия ойындары, Параазия ойындары және ұлттық спорт түрлеріне ғана қарасты спорттарға беріледі. Оның жалпы саны шамамен 60-қа жуық”, — деп нақтылады ол.
Сонымен қатар “басым спорт түрлері” деген жаңа ұғым заңнамаға енгізілген. Бұл — әлемдік аренада нақты нәтижеге қол жеткізген спорт түрлерін айқындап, оларға қосымша қолдау көрсетуге бағытталған. Бастапқыда бұл тізімде ұлттық спорт түрлері болмаған, алайда депутаттың бастамасымен олар да енгізілген.
Депутатың айтуынша, мемлекет қаржысы бұдан былай үш негізгі бағытқа бөлінеді:
1. Мемлекеттік спорт мекемелерін қолдау;
2. Бұқаралық спортты дамыту;
3. Спорт инфрақұрылымын жетілдіру.
Бұл қадамдар бюджеттің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, спорт саласындағы әділеттікті қамтамасыз етуді көздейді.