Енді бір бес жыл өткен соң...

Dalanews 20 нау. 2015 05:19 891

– Президенттік сайлауға тізімделген үміткерлердің ішінде (Назарбаевтан басқа) елге сыйлы, беделді азамат бар ма? Кімнің кандидатурасы осы сайлауға ұялмай ұсынуға лайық деп танисыз?

– Менің бір байқағаным, билік қоғам ішінде айтылып жатқан ұсыныстарға, сыни пікірлерге қанша дегенмен көңіл аударып жатқан сияқты. Үміткерлерді ұсыну, дауыс жинау науқандарынан кейін тізімге ілігетіндердің барлығы бірдей осы сайлауда ағымдағы Мемлекет басшысынан озып, жеңіске жетуі ықтимал дегенге мен, әрине, сенбеймін. Бірақ, өткен жылдардағы сайлау науқандарына қарағанда өзгеріс бар. Және де осы жылдың бір ерекшелігі - сайлауға қазақ тұғырында тұрған, қазақ мемлекетшілдерінің белсенділік танытуы. Мысалы, сайлауға Жарылқап Қалыбай мырзаның түсуі оң құбылыс деп санаймын.

– 1999 және 2005 жылғы сайлаулар кәдімгідей дүбірлі, иланымды деңгейде өтіп еді. Неге жыл сайын президенттік сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеріп барады?

– 1999 және 2005 жылдардағы науқанның басты ерекшелігі, науқандардың қызу, тартысты өтуінің себебі, ол кезде мықты оппозициялық партиялар бар болатын. Бүгінде ел ішінде шынайы оппозициялық партиялар атымен жоқ. Олардың орнын азаматтық қоғам басып алуға тырысуда. Бұл заңды құбылыс. Мысалы, осы науқанда жақсы көзге түскен азаматтар алдағы уақытта партия құруға, партияларды басқаруға өз амбицияларын танытуға моралдық құқық ала алады. Осы жағын да мықтап ескеру қажет шығар.

–  Бұрын сайлау десе, ел іші қызу пікірталасқа, әртүрлі іс-шараға толып кететін. Бұл жолғы сайлауда ондай ештеңе байқалмайды. Халық тым нарау көрінеді. Мұның себебі неде?

– Жұртшылық сайлаудың қалай өтетіні, онда кім жеңетіні туралы бүгіннен-ақ хабардар. Осы себепті де асқан талас жоқ. Егер балама үміткерлер осы сайлауда қызық жобалар, ойлар, жүрістер жасай алса, онда әңгіме қыза түседі. Барлығы үміткерлер мен олардың штабтарының жұмысына байланысты болады.

– Енді бір 5 жыл озған соң... қандай сайлау өтуі мүмкін?

– Ол сайлау 80-85 пайыз қазақ тақырыбы мен қазақ мүддесі тұрғысында өтетін сайлау болады. Бүгінгіні соған дайындық деп есептей беріңіздер.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар