"Еңбегіміз еш кетпесін". Ұлттық музей ұжымы Арыстанбекке араша түсті

Dalanews 20 мам. 2022 13:19 822

Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық еткен Ұлттық музейдің бір топ қызметкері президент Тоқаевқа үндеу жолдап, Арыстанбек мырзаға араша түсті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Музей қызметкерлерінің айтуынша Мұхамедиұлы бастаған басшылықтағы азаматтарға жазықсыз жала жабылған.

"Ұлттық музей – қоғамның ұлттық мәдени және мемлекеттік бірегейлігін жетілдіру тұрғысында еліміздің рухани өмірінің дәстүрлері мен жаңашылдықтарының арасындағы байланыстырушы бірден бір ұйым. Ұлттық музей осы міндет-мақсаттарды барынша абыроймен атқарып келеді.

Бір ғана «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» жәдігері әлемнің танымал музейлерінде көрсетіліп, ұлттық құндылықтарымызды, терең тарихымызды және қайталанбас өнерімізді дүниежүзі халқына паш етті", – делінген Тоқаевқа жолданған үндеуде.

Музей ұжымы соңғы кездері "әлдебір қарау ниетті адамдар тобының кесірлі іс-әрекеттерінің салдарынан мекемеде бірнеше рет заңды, заңсыз тексеріс жұмыстары жүргізілгенін" айтады.

Олардың пайымдауынша тексерулердің басты мақсаты – мекеменің қаржы-экономикалық саясатынан қандай да болсын бір кілтипан тауып, лауазымдық тұлғаларын жемқорлыққа қатысты жазықты ету.

Қызметкерлер Нұр-сұлтан қаласындағы Аудит департаментінің биылғы жылғы 6 мамырда өткізген аудиторлық есебіне бірауыздан қарсылық білдіретінін мәлімдеді. 


"Руханият ордасы – Ұлттық музей өз қызметін адал атқаруда. Сол тұрғыда әділет қашанда жеңеді деп сенеміз.
Президент мырза, Ұлттық музейдің ұжымы, музейдің лауазымды тұлғаларына жабылған жалаға қатысты істің объективті түрде ашық болуына қамқоршы болуыңызды өтіне сұраймыз. Жоғарыда аталған еңбектерді ескере отырып, тексеру, тергеу үдерісінің адал, әділетті өтуіне ықпал етсеңіз", – деп үндеуді түйіндеген екен музей ұжымы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар