Ең ірі дүкендер желісі қазақ тіліндегі қате жарнама үшін сынның астында қалды

Самал Асқар 25 нау. 2026 17:42

Қазақстандағы ірі дүкендер желілерінің бірі қазақ тіліндегі жарнамасында өрескел қателіктер жіберіп, әлеуметтік желіде сынға ұшырады, деп хабарлайды Dala News.

Даудың басталуына блогердің жазбасы себеп болды. Ол ірі брендтің Наурызға арналған жарнамасын мысалға келтіріп, мәтіндегі тілдік қателерге назар аударған.

Автордың айтуынша, қазақ тілі – жай ғана «галочка үшін» қолданылатын құрал емес, ол мәдениет пен аудиторияға деген құрметтің көрінісі.

«Қазақ тілі – бұл жай ғана локализация емес. Бұл – құрмет. Ал мәтінде өрескел қателер болса, ол немқұрайдылықты көрсетеді», – деп жазды ол.

Пайдаланушылар әсіресе жарнамадағы қарапайым сөздердің өзінде қате кеткеніне назар аударған. Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын туғызды.

Желі қолданушылары ірі компаниялар Қазақстан нарығында жұмыс істей отырып, мемлекеттік тілге жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін атап өтті.

Көпшілік пікірінше, мұндай жағдайлар кәсіби редакторлармен жұмыс істемеудің және сапаны бақылаудың әлсіздігін көрсетеді.

«Егер Қазақстанда жұмыс істесең, мәтінді кем дегенде тіл мамандарына тексерту керек», – деп жазады желі қолданушылары.

Оқиға қоғамда кең талқыланып, тіл мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек бір компанияның мәселесі емес, жалпы бизнестегі жүйелі проблема.

Қоғам белсенділері ірі брендтерден мемлекеттік тілге құрметпен қарап, сапалы контент ұсынуды талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove