Батыс Қазақстан облысының көпбейінді ауруханасының дәрігері Таубай Байжекенов Астанадан Оралға ұшып бара жатқан ұшақ бортында толғағы басталған жүкті әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Кеше Астана-Орал рейсінде ерекше жағдайға тап болдым. Ұшу кезінде жүктіліктің 27-аптасындағы әйел мерзімінен бұрын босана бастады. Суы кетіп, жедел түрде алғашқы көмек көрсетуге тура келді. Мұндай сәттерде дәрігер үшін сабыр сақтап, бар білімі мен тәжірибесін дұрыс қолдану аса маңызды. Нәтижесінде ұл бала дүниеге келді. Барлығы сәтті аяқталды", - деп жазды дәрігер Threads желісіндегі парақшасында.
Әуе кемесінің экипажы Астана әуежайына кері қайту туралы шешім қабылдап, жүкті әйелді жедел жәрдем қызметіне тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігі Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінің хирургі Таубай Байжекеновке жоғары біліктілігі, қайсарлығы және дәрігерлік борышына адалдығы үшін алғыс білдірді.
