Ресей Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай жеткізуге шектеу қоюды америкалық компанияларға қысым жасау құралы ретінде қарастыруы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай қадамның себебі – бұл бағыттың негізгі бенефициарлары болып саналатын Chevron мен ExxonMobil сияқты алпауыттардың антиресейлік талаптарды бұлжытпай орындауы, деп жазады "Кстати" телеграм арнасы.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар стратегиялық жоспарлау деңгейінде – елдің мұнай-газ секторындағы позициясын күшейту тәсілі ретінде талқылануы мүмкін. Алайда басты мәселе – ықтимал салдарында. КҚК арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 1%-ы тасымалданады, сондықтан кез келген іркіліс Еуропада шикізат тапшылығын туғызып, Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 200 долларға дейін көтеруі ықтимал.
Сонымен қатар мұндай шектеулер келіссөздер тактикасының бір бөлігі болуы мүмкін. Яғни оларды жеңілдету немесе толық алып тастау Ресейге қатысты санкциялар қайта қаралған жағдайда, атап айтқанда «Газпром», «Роснефть» және «Лукойл» сияқты компанияларға қатысты шектеулер өзгерген кезде мүмкін болмақ.
Әзірге ресми шешім қабылданған жоқ – консорциум 2025–2026 жылдары инфрақұрылымына бірнеше мәрте сыртқы ықпал жасалғанына қарамастан, жұмысын жалғастырып жатыр.
