Астанада Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің кездесуі өтті, деп хабарлайды Dala News.
Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Мишустинмен өткен келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, өнеркәсіп, энергетика, көлік салаларындағы бірлескен жобаларды, сондай-ақ экология бағытындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Олжас Бектенов екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында қазақ-ресей қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Соңғы жылдары өзара сауда көлемі 30 млрд-тық межеге едәуір жақындады», – деді ол.
Үкімет басшысы Ресей Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі екенін де атап өтті. Мәселен, соңғы 20 жылда ресейлік тікелей инвестициялар көлемі $28,5 млрд-қа жеткен. Ал өткен жылдың 9 айында Қазақстанға $2,1 млрд инвестиция тартылған.
Өз кезегінде Михаил Мишустин Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
«Сізді және қазақстандықтарды тарихи оқиғамен, жаңа Конституцияларыңыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын. Референдум нәтижесі Қазақстан халқының ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытын қолдайтынын көрсетті», – деді ол.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.
