– Сапар мырза, өмірден алған негізгі сабақтарыңыз қандай?
– Ең бірінші сабағым – ата анамыздың берген тәрбиесі. Отбасымызда өзіміз бес ағайындымыз. Әлі есімде – менің атам мен әжем де, анам мен әкем де бесеумізге “ешкімнің ала жібін аттама, бөтен біреудің затын рұқсатсыз алма” деп құлағымызға құйып өсірді. Содан кейін қолыңнан келгенше, жақсылық істе деп үйрететіні есімде.
– Халықпен кездесіп жүргеніңізге үш апта болды. Сайлаушылардың қозғайтын негізгі мәселелері қандай?
– Біріншіден, өзім медицина саласында жұмыс істегеннен кейін, көптеген адамдар елдегі медицинаның сапасына көңілдері толмайтынын айтып жатады. Бұл ретте мамандардың жетіспеуі, мекемелердегі ұзын кезектер сияқты мәселелер көпшілікпен кездесуде кеңінен қозғалады.
Екіншіден, ұстаздар мен тәрбиешілердің айлығын көтеру жайлы мәселелер көтеріледі. Ал тұрғындармен кездескенде, ауламызды күрделі жөндеуден өткізіп, егілген ағаштар уақытылы суғарылуын талап етежі.
Сонымен қатар, бала денсаулығына аса маңызды көңіл бөлу керек. Алдымыздағы ең үлкен мәселелердің бірі – балалардың гаджетке тәуелділігін шектеу болып тұр. Ол тікелей балалардың психикасына әсер етеді.
Онымен қоса ЖКХ-ның халыққа көрсетіп жатқан қызметінің сапасын арттыру. Біздің басты міндет осының барлығын шешіп, Бостандық ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.
Әрі біздің орталық қала тұрғындарына психологиялық көмек көрсететін орталық болғаннан кейін, халқымыздың психологиялық жағдайын жақсарту, яғни адамдарға уақытылы көмек пен кеңес беру өте маңызды.
– Өзіңіздің өмірлік және кәсіби тәжірибеңізді елімізді жақсарту үшін қалай қолдана аласыз?
– Алматы қаласының 2023-2027 жылдар арасындағы даму жоспары дайындалған. Бұл жоспардың ішінде емдеу мекемелерінің санын көбейту, құрылыс, білім саласын жақсарту сияқты мәселелер тайға таңба басқандай анық жазылған. Осы жоспар бізге шамшырақ болатыны сөзсіз.
Егер емдеу мекемелері мен жас мамандардың саны көбейсе, біздің еліміздегі тұрғындардың қозғап жатқан көптеген мәселелері шешіледі.
Менің мақсатым 25 жыл бойы жинаған тәжірибемді қолданып, елдің мұң мұқтажын естірту керек мекемелерге жеткізіп, өзекті мәселелерді шешу. Сондықтан ең алдымен, уақытылы, қолжетімді, сапалы медицинаны арттыру мақсатында өз тәжірибемді қолдансам деген ниетім бар.
– Әңгімеңізге рахмет!