«Ембімұнайгаз» басшыларының бірі мас күйінде көлік жүргізгені үшін қамалды

Көркем Алдабергенова 08 қаң. 2026 15:26

Атырау қаласында Ембімұнайгаз компаниясы бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары, басқарма мүшесі Ильяс Құрамысов мас күйінде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысында көрсетілген.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 15 желтоқсанда Ильяс Құрамысов Атырау қаласындағы Құлманов көшесінде «BMW X6» маркалы көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған. Медициналық куәландыру қорытындысы оның жеңіл дәрежеде мас болғанын растаған.

Сот отырысында Құрамысов өз кінәсін мойындамай, көлікті өзі басқармағанын, рөлде «сау жүргізуші» болғанын, ал өзі жолаушы ретінде отырғанын айтқан. Оның сөзін адвокаты да қолдап, полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне күмән келтіріп, істі тоқтатуды сұраған.

Алайда полиция инспекторы сотта Құрамысовтың көлікті мас күйінде басқарғанын бейнежазба дәлелдейтінін, құқық бұзушылық жедел-профилактикалық іс-шара барысында анықталғанын мәлімдеді. Прокурор да Құрамысовты ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Сот шешімі

Сот барлық дәлелдемелерді зерттей келе, Құрамысовтың кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Нәтижесінде ол:
• 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды;
• 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Әкімшілік қамақ мерзімі 2025 жылғы 15 желтоқсан күні таңғы 05:58-ден бастап есептеледі. Жүргізуші куәлігі сот қаулысы толық орындалғанға дейін Атырау қаласы полиция басқармасында сақталатын болды.

Сот қаулысына заңда белгіленген тәртіппен 10 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар