Елорданы Елбасының есімімен атауды ұсынған депутаттар тағы да төбе көрсетті

Dalanews 03 нау. 2017 12:56 760

Біздің депутаттарға дауа жоқ екен. Айтқан сөзді түсінбейтін мұндай да адамдар болады кім ойлаған. Халық қалаулылары баяғы әдеттеріне басып, Астананы Тұңғыш Перзидентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атайық деп тағы да бүйректен-сирақ шығарды.

Бұл жолы Конституцияға енгізілетін өзгерістер талқылаған қос палатаның бірлескен Сенат депутатты Дархан Қалетаев: «2008 жылы мен Астана халықаралық әуежайын тұңғыш Президент, көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атауды ұсынған болатынмын. Бұл бастама қоғамда кеңінен талқыланды. Менің ойымша, үлкен қолдауға ие болды», – деді. Бұдан кейін өзге депутаттар қалсын ба, өз кезегінде Павел Казанцев те әріптесінің ұсынсын қолдап;

– Мен байырғы Ақмола тұрғыны ретінде бұл ұсыныс біздің тамаша астанамызды ғана емес, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған тұлғаға көрсетілетін құрмет ретінде әділетті деп ойлаймын, – деп әбден тізесі шыққан әңгімені тағы шиырлады.

Жалпы, бұған дейінде Елорданы Елбасының есімімен атау турасында талай депутаттар ұсыныс тастағаны есімізде. Назарбаев соңғы рет «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында «Астана –  бұл бренд. Астананың атауын өзгертудің еш қажеті жоқ», – деп түсінікті тілмен айтқан еді. Бірақ біздің ұмытшақ депутаттар мұны естен шығарған кеткен сыңайлы.

Тәуелсіз Қазақстанды құруда Елбасының еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Халықтың өзі Президентімізге «Елбасы» деп лайықты бағасы бергені белгілі. Бәленің бәрін білетін депутаттар мұны білімейді дегенге тіпті сенгің келмейді. Енді ұмытшақ депутаттарға жеке-жеке бұл мәселені қайтадан түсіндіріп шығудан басқа амал қалмай тұр.

Н.ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар