Концертке Астананың іргетасын қалаған, дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар қатысты.
Оның ішінде сәулетшілер, құрылысшылар, ұстаздар мен дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, тәртіп сақшылары, мемлекеттік және коммуналдық қызмет өкілдері, сондай-ақ шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер мен әр саланың майталман мамандары болған еңбек ардагерлері бар.
– 10 желтоқсан – тарихи күн! Бұл – бұрынғы Ақмоланың Астана болған күні. Көп жылдардан кейін, міне, осы тарихи сәтті ерекше ықыласпен атап өтіп жатырмыз. Сол кездегі атқарылған ерен еңбектің арқасында бүгін елордамыз еңселі мегаполиске айналды.
Алғашқы жылдары біз келгенде мұнда 200 мыңның үстінде ғана тұрғын болатын. Қазір тұрғындарының саны 1,5 миллионға тақап қалды.
Осы кештен де шаһардың нағыз мәдениет ордасына айналғанын байқап отырмыз.
Жалпы, Астанаға алғаш келген адам елорданың еңсесін тіктеуіне бар күш-жігерін салды деп ойлаймын.
Соның бірі – өзім. Еліміздің тарихындағы ең үлкен құбылысқа қатысым бар екенін мақтаныш тұтамын, – деді Астананың құрметті тұрғыны Төлеген Мұхамеджанов.
Концертті ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Баекенов «Астана» әнімен ашқан соң, жүргізушілер бүгінгі тарихи күннің маңызын айтып, елорданың дамуына үлес қосушы барлық астаналықтарды атаулы күнмен құттықтады.
Еркеш Шәкеевтің әні «Первое утро столицы» атты әнді халықаралық байқаулардың лауреаттары Диная және Ален Самыкен шырқады.
Әсем ән мен «Астаналық цирк» әртісі Тимур Ақтотының өнерін тыңдарман тебірене тамашалады.
Кеш барысында жүргізушілер көрермендерге Астана туралы викториналық сауалдар қойып, сұрақтың жауабын дәл тапқандарға сый-сияпат ұсынып, көптің көңілін бір серпіп алды.
ҚР Еңбек сіңірген əртісі Секен Тұрысбеков жəне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ренат Гайсин «Ақжауын», Халықаралық «Славян базары» байқауының лауреаты Әміре «Қыздар-ай», астаналық жас әнші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Мәди Сыздықов “Атамекен” әндерін шырқады.
Ал концерт Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Роза Рымбаеваның «Астанам – ақ ордам» әнімен өз мәресіне жетті.