Алғаш сын садағына оң жағалаудың негізгі көшелері Сарыарқа мен Республика даңғылы ілікті. Қаланың жадау, кеңестік кезеңдегі кейпін толық өзгертуге шетелдіктер тартылып, қаланың көлік мәселесін шешу Сингапурлықтарға, жарықтандыру белгілі Phillips фирмасына тапсырылды. Астанадағы жарнама әлемі дамыған қалалардағыдай деңгейге жетті. Әлемдік брендтердің логотиптері үйлердің төбесіндегі үлкен билбордтарға орналастыруға көшті.
Бұдан кейін әкімшілік сол кезде күшіне енген, құрылыс салушының мемлекеттік лицензия алу үшін жаңа талаптар қарастырылған «Үлескерлік құрылыс туралы» заңды басшылыққа алып, өзіне дейінгілердің ешқайсы қаперіне алмаған қаладағы заңсыз құрылыстарға қарсы күрес басталды. Тек офисі мен компьютері ғана бар олардан қажетті техника мен өндірістік базасы талап етілді. Көптеген құрылыс нысандарын тоқтатып, талапқа сайларына ғана жұмыс істеуге рұқсат берілді. Құрылыс талапқа сай жолға салынғаннан кейін, базарлар қала сыртына шығаруға күш салынды. Павлодар бағытында жол бойына құрылыс материалдары, Солтүстік айналма жол аумағында көлік базарын салу, Тілендиев даңғылында сауда, автокөлік орталықтарын орналастыру басталды. Астананың бас жоспарының тұжырымдамасы мен ішінде Елорда орталығындағы ең үлкен ғимарат –«Темір Қазық» жобасы бар бірнеше ірі жоба ұсынылды. 2006 жылдың соңына қарай Астанада бірқатар құрылыс нысандары ашылды. 14 қарашада Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Елшілігі ғимараты, 12 желтоқсанда жаңа Этолон орталығы мен бес жұлдызды Radisson SAS қонақ үйі, 13 желтоқсанда Министрліктер үйімен іргелес орналасқан «Қазына Тауэр» ғимараты, 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Ұлттық архиві» ғимараты пайдалануға берілді. 2007 жылдың қала күніне орай аумағы 23,7 гектар болатын Президенттік саябақ, аумағы 21 гектар болатын «Жерұйық» саябағы мен аумағы 30,8 гектар болатын «Арай» этнографиялық саябағы ашылды.
Жаздың қамын қыста ойлаған «АстанаЖасылқұрылыс» АҚ ақпанда Елорданы көгалдандыру тұжырымдамасын енгізді. Көктем шыға әкімдік сол жағалауда тұрғызылған жаңа қалаға көше атауларын беруді бастады. Нақты айтқанда 1 наурыз күні №1 көшеге «Тәуелсіздік», №2 көшеге «Достық», №12 көшеге «Сарайшық», №19А, 33, 35 нөмірлі көшелерге рет-ретімен «Алматы», «Ақмешіт», «Орынбор» атауы беріліп, №19 көшеге «Сығанақ», №34 көшеге «Түркістан», №78 көшеге «Сауран» атауы бұйырды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңына сәйкес Астана қаласы еліміздің негізгі заңында алғаш рет Қазақстанның астанасы ретінде құжатталды. 31 мамырда Астана маңындағы Ақмол ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің ашылды. 21 маусымда арнайы жарлықпен «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағы 4842,3 гектардан 5440,4 гектарға (589,1 га) ұлғайтылды. Бұл кезеңдерде Елорданың келбеті күн санап көркейіп, астаналық айшығы айтарлықтай айқындалып, ресми адамдар, туристер мен қонақтардың жан жақтан ағылып келіп жатқан кезі еді. Сондай мәртебелі мейманның бірі маусымда Қазақстанға жұмыс сапарымен және әйелі София патшайыммен бірге келген Испания королі I Хуаном Карлос болатын. Монарх пен оның жұбайы Астана қаласының көрнекі жерлерін көрді. Осы күні олар Бейбітшілік және келісім сарайы жанындағы «Қазақстан халқының достастығы» монументінің ашылуына қатысты.
Астана қаласы үшін шілде айы - түрлі мерекелік шаралар мен ашылым, таныстырылымдар айы. Шілде айының басында Ислам мәдени орталығы «Нұр Астана» мешітінде медресе оқушылары үшін жаңа жатақхана ашылса, Манас және Мұңайтпасов көшелерінің қиылысында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының астаналық филиалы, Есіл өзенінің бойындағы М-2 көпірі, Көктал ауылындағы қарттар мен мүгедектерге арналған 416 орындық интернат-үйі ашылды. Сонымен қатар, «Астана - Еуразияның інжу-маржаны» Халықаралық суретшілер симпозиумы өтті. Және де «Оңтүстік-Шығыс» ықшамауданында және Елорданың жаңа әкімшілік орталығында орналасқан «Жерұйық» және «Арай» жаңа саябақтары, халықаралық үрмелі оркестрлер фестивалі, сахна костюмдерінің халықаралық фестивалі, даңқты қолбасшы Бөгенбай батырдың ескерткіші ашылды. Сонымен қатар, осы күндері Астана қаласы индустриялық паркі аумағында салынатын зауыт құрылысының іргетасына капсула қойылып, серпінді жоба таныстырылды.
6 шілде - қала күні мерекесінде Астана халықаралық әуежайына баратын тас жолдың айналасында «Астана Жұлдызы» монументі ашылды. 2007 жылғы Астана күнін мерекелеу аясында суретшілердің халықаралық «Астана суретшілер көзімен» симпозиумына қатысушылар жұмыстарының көрмесі, «Астананың суретін саламын!» атты балалардың асфальтқа сурет салудан халықаралық байқауы, «Астанам - мақтанышым» атты ақындар мен жазушылардың халықаралық конкурсы, достық кездесулер, Астана және Мәскеу қаласы ардагерлерінің командалары арасындағы футбол, Халықаралық «Шашу» би фестиваліне қатысушылардың гала концерті, Сулы жасыл желек жолындағы су бұрқақтың ашылуы, «Astana.KZ» Халықаралық эстрада фестивалінің гала-концерті, қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама, карнавал шеруі, лазерлік-музыкалық шоу тәрізді іс-шаралар өткізілді. Елорда тойына тарту ретінде 2600 көрерменге арналған, әлемдік стандартқа сай, жарыс өткізілетін алаңының ұзындығы – 1800 метр «Қазанат» атшабары ашылды. Сарша тамызда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында құрылған Астана медициналық кластерінің нысандарының бірі –«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» мен қыркүйекте Халықаралық қазақ-түрік лицейі ашылды.
Қазан айының басында қала басшысы қол астындағыларға қалада қоғамдық көлікпен жүру міндетін қойды және жағдайды бақылау үшін өзі де аптасына екі-үш рет қоғамдық көлікпен жүретінін жеткізді. Бұл акция автобус кестесі мен қызмет көрсету мәдениетін сақтауға мүмкіндік береді. Қала әкімнің орынбасарлары мен бөлім бастықтары қоғамдық көлікті жиі пайдалануы керек. Егер қоғамдық көліктер тұрақты және қатаң кесте бойынша жүретін болса, онда жеке көліктерге нақты балама болады. Бұл өз кезегінде Елорданың экологиясын жақсартып, астаналық күре жолдардағы кептелістерден арылтады.
Қыркүйек айында жүйке, эндокриндік, тірек-қимыл аппараты бұзылған патологиясы бар балалар мен жасөспірімдердің қоғамға, өмірге бейімделуіне медициналық, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге арналған республикалық балаларды оңалту орталығы алғашқы пациенттерін қабылдады. Қазан айында MEGA сауда-ойын-сауық орталығы ашылды. Сондай-ақ, «Абу-Даби Плаза Астана» кешенінің тұсаукесері өтті. Қарашада «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Астананың Сәулет кеңесі туралы» Жарлыққа қол қойылды.
Астананың 2008 жылдың басындағы басты жаңалығы Елордада Интернетке сымсыз қосылудың орталықтандырылған желісі құрылатыны болды. Бұған дейін Wi-Fi Астана халықаралық әуежайында, Еуразия ұлттық университетінде және Елорданың кейбір сауда орталықтарында жұмыс істесе, қосылуы осы жылға жоспарланған елуге тарта нүкте қаланың едәуір аумағын қамтитын еді. Шахардың заманға сай жаңғыруы тек мұнымен тоқтаған жоқ. Ақпан айында Астана көшелері мен даңғылдарына жаңадан атау беру, қайта атау немесе біріктіріп атау туралы шешім қабылданды. Осыған орай, кешегі кеңес дәуірінен қалған тоталитарлық атаулар өзгертіліп, оған қоса жаңадан бой көтерген аудандар мен көшелерге заманға сай жаңадан 309 атау берілді. Жаңа мекемелердің ашылуы да өз кезегімен жүріп жатты. Жаңа отбасын жоспарлау орталығы ашылды. Сондай-ақ, Елордада «Астана-Бәйтерек» клубының қолдауымен «Деловой мир» журналы бастамашы болған «Астана – менің тағдырым» атты жобаның таныстырылымы өтті.
Елорданың осындай соны үрдісі, заманауи сипаты әлем дамыған сайын сол көштен қалмай өсуі, өркендеуі қажет. Ол үшін көзі ашық, көкірегі ояу -қажырлы еңбек ескеріліп, жарқын бастамалар әрқашан қолдау тауып жатуы қажет.
Айhаным Болатбекқызы