Қараша айында Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында терроризмді әлеуметтік желілерде насихаттады деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл қараша айында Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында терроризмді, соның ішінде әлеуметтік желілерде насихаттады деген күдікпен деструктивті діни ағымдарды ұстанатын алты адамды ұстады", - делінген хабарламада.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер діни себептермен зорлық-зомбылық пен кісі өлтіруге шақырған, сондай-ақ зайырлы мемлекет жүйесіне қарсы пікірлер таратқан.
Оқиға орнын тінту барысында олардың жанынан атыс және суық қарулар, сондай-ақ діни мазмұндағы көп мөлшердегі әдебиеттер тәркіленді. Сот шешімімен барлық күдікті қамауға алынған.
"ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - деп мәлімдеді ҰҚК.
Бұдан бөлек, 3 қарашада Ақтөбе облысының тұрғыны терроризмді насихаттайтын материалдарды таратқаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК дерегінше, жыл басынан бері терроризм және экстремизм фактілері бойынша 83 адам ұсталып, 97 адам сотталған.
