Шымкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде болған қаржы жымқыру ісіне қатысты алты адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу дерегінше, келтірілген залал көлемі – 129 миллион теңге. Қаражаттың бір бөлігі рұқсатсыз жөндеу жұмыстарына және автокөлік сатып алуға жұмсалған.
Іс материалдарында бірінші проректор Н. екі рет тендер өткізбестен келісімшарттарға қол қойғаны айтылады. Сондай-ақ бұл іске лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлер де тартылған.
Сот айыпталушылардың жасаған әрекетіне өкінгенін және келтірілген залалды өтегенін ескеріп, үкім шығарды:
-
Бұрынғы проректор 5 жыл бас бостандығынан айырылды
және мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салынды; - Тағы үш адамға 5 жыл 7 айға дейінгі мерзімде түрме жазасы;
- Екі адамға шартты жаза;
- Бір адамға 1 жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы 15,9 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, Ұлттық банк пен квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде жүргізілген тексеріс барысында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған. Нақты айтқанда, бөлім басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз етуге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу үшін жалған мемлекеттік сатып алу шартын бір көзден тауар жеткізушімен жасаған. Алайда кәсіпкер бұл келісімшарттан бейхабар болған.
Аталған дерек бойынша 2024 жылғы 6 шілдеде Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
2025 жылғы 30 маусымда Тайынша аудандық сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол енді мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда, сот және қаржы жүйесінде қызмет ете алмайды.