2024 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалар саны 133,7 пайызға артты. Бұл туралы сенат депутаты Нұрлан Бекназаров мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенатта өткен дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген Бекназаров жол қауіпсіздігі мәселесі еліміз үшін өзекті күйінде қалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама жол қозғалысы саласын жан-жақты реттегенімен, ең басты басымдық – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығы болуы тиіс.
Сенатордың сөзінше, қазіргі жағдай жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи әдістерін әзірлеуді талап етеді. Бұл бағытта заңнаманы жетілдіру, жауапкершілікті күшейту, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру және жүргізушілерді даярлау сапасын жақсарту секілді кешенді шаралар қолға алынуы қажет.
"Бірақ Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылы жол-көлік оқиғаларының саны 98,9 пайызға өсіп, 31 597 жағдайға жеткен. Жарақат алғандар саны 109 пайызға көбейіп, 40 873 адамды құрады. Ал қаза тапқандардың саны 1,4 пайызға өсіп, 2 579-ға жетті. Ең үлкен алаңдаушылық тудырып отырған мәселе – жол апатынан зардап шеккен балалар санының 133,7 пайызға артуы (4 342-ден 10 149-ға дейін). Сонымен қатар, олардың арасындағы өлім-жітім көрсеткіші де 3,5 пайызға өсіп, 317-ден 328 балаға дейін көбейді", – деді Бекназаров.